Атамбаевтың үйін басып алуға тағы да әрекет жасалды

Алматы, BAQ.KZ. Қырғызстанның құқық қорғау органдары экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйін басып алуға тағы да әрекет жасады. Бұл туралы akipress хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, бүгін сағат 16.20 шамасында Атамбаевтың үйінде болған 500-дей адам Беш-Күнгей ауылына қарай бет алған. Адамдарда қару болмаған, қолдарына тас пен ағаш ұстаған.

Сағат 16.23 кезінде қайтадан үйді басып алу әрекеті жасалған. Милиция шу шығаратын гранаталар лақтырған.
Атамбаевтың штабы күштік құрылымдармен қайтадан жанжалдасып қалғанын мәлімдеді. Осыған орай Атамбаевтың жақтастары Бішкекте өткізбек болған митингтен бас тартып, Қой-Ташқа қарай бет алған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 7 тамыз күні Қой-Таш ауылында кешкі сағат 20.00 шамасында күштік құрылымдар Қырғызстанның экс-президентін ұстамақ болған. Алайда Атамбаевтың жақтастары оларға тойтарыс беріп, бір әскери адам қаза тапқан болатын.

Атамбаевты ұстау кезінде 48 адам зардап шеккені туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы ахуал көрші елдің ішкі шаруасы екенін айтты. Аталған оқиғаға байланысты қырғызстандық әлеуметтік желі қолданушылары #БізҮшіншіРеволюцияғаҚарсымыз акциясын бастады.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінде өткен жиында Алмазбек Атамбаев заң аясындағы тергеу амалдарына қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғызстан Республикасының Конституциясы мен заңын өрескел бұзғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы