Алмазбек Атамбаев берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті қарулы күштер Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты Қой-Таштан алып шықты, деп хабарлады 24.kg.
Экс-президенттің жанында СДПК партиясының ресми өкілдері Құндыз Жолдубаева және Фарид Ниязов бар.
24.kg мәліметіне сүйенсек, келіссөздер ұзақ уақыт бойы жүргізілген. Алайда, Атамбаев Қарулы күштерге берілуге шешім қабылдаған.
«Оның жақтастары автокөліктерге тосқауыл болып, экс-президентті әкетіп бара жатқан Қарулы күштердің көлігін жібермей жатыр. Сондай-ақ оқиға орнында оқ атылуда», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Қой-Таш ауылында кешкі сағат 20.00 шамасында күштік құрылымдар Қырғызстанның экс-президентін ұстамақ болған. Атамбаев бұл сәтте өз жақтастарымен әңгімелесуге шыққан, ауылда 200 дей адам болды, оның ішінде қариялар, әйелдер мен балалар да бар.
Жақтастары бес сағаттай Атамбаевтың үйін қорғап тұрды. Олар экс-президенті арнайы жасаққа бермей екінші ұстау әрекетіне де төтеп берді. Қақтығыс салдарынан 48 адам медициналық көмекке мұқтаж болған. Оның ішінде тоғыз адам амбулаториялық емделуге жіберілген, 25 адам жабық ми жарақатын алған, төрт адам оқ жарақатымен және тағы алты адам түрлі дене жарақатымен түскен. Арнайы жасақтың бір офицері қаза болды.
Қазақстан президенті бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейтінін жеткізіп, бауырлас қырғыз халқына бейбітшілік, тыныштық және береке тіледі.
Өз кезегінде Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінде өткен жиында Алмазбек Атамбаевтың заң аясындағы тергеу амалдарына қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғызстан Республикасының Конституциясы мен заңын өрескел бұзғанын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Ал депутаттық комиссия Атамбаевқа 6 эпизод бойынша айып тақса, Бас прокуратура олардың тек бесеуін қалдырып отыр.