Атамқұлов: Қазақ-түрік қарым қатынасындағы Елбасы рөлі ерекше

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі мемлекеттері сыпайы түрде Түркі әлемінің ақсақалы деп атайды. 


ҚР сыртқы істер министрі БейбітАтамқұлов  Түркия СІМ Мевлүт Чавушоғлумен Стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобы 5-ші отырысының қорытындылары бойынша бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Түркияда 2016 жылы 15 шілдедегі әскери төңкеріс жасау талпынысынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш рет мемлекеттік сапармен барғанын атап өтті.

«Биыл біз екіжақты қарым-қатынастардың стратегиялық деңгейге көтерілгенінің 10 жылдығын атап өтудеміз. Осы мерзім ішінде мемлекет басшыларының төрағалығымен Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі отырыстары үш рет өткізілді. Соңғы рет өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары кезінде болды. Елбасы 2016 жылғы 15 шілдеде Түркияда орын алған әскери төңкеріс жасау талпынысынан кейін Түркияға мемлекет басшысы деңгейінде алғашқы болып сапармен барды», - деді министр.

Елбасы Түркияға 24 рет жұмыс және ресми сапармен барған. Ал Түркия президенттері Қазақстанға 15 рет келген.

«Қазақ-түрік қарым-қатынастарындағы Елбасы рөлі – ерекше болып табылады. Ол екі мемлекет арасындағы байланыстардың сәулетшісі десек те артық емес. 1991 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға 24 рет жұмыс және ресми сапармен барды. Өз кезегінде Түркия Президенттері Қазақстанға 15 рет,  премьер-министрлері 6 рет келіп кетті», - деді Атамқұлов.

Айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі мемлекеттері сыпайы түрде Түркі әлемінің ақсақалы деп атайды.

«Елбасы бастамасымен түркітілдес мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық төңірегінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркі Академиясы, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және ТүркПА сияқты көпжақты ынтымақтастық форматтары құрылды. Түркі мемлекеттері оны сыпайы түрде – Түркі әлемінің Ақсақалы деп атайды», - деді министр.

Содан кейін Атамқұлов сыртқы істер министрлерінің кездесуінде талқыланған мәселелерге тоқталды. Екі ел арасындағы тауар айналымы 632 млрд долларға жеткен. Бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

«Бүгін біз Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың бағыттарын талқыладық. Әлемдік және өңірлік саясаттың өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз сәйкес келеді. Әріптесіммен бірге Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі кездесулерінен бұрын өткізілетін Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының кезекті отырысын өткіздік. Екіжақты тауар айналымын бастапқыда 5 млрд долларға дейін көтеру жөніндегі екі мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес жұмыстың нәтижелерін көріп отырмыз. Биылғы жылдың алғаш тоқсанында екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылдың осындай мерзіммен салыстырғанда 50 % астам өсімді көрсетіп 632 млн долларға жеткенін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының түрлі саласында түрік капиталының қатысуымен 2200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді», - деді ол.

Кейін министр түрік инвесторлары Ақтау портындағы көлік-логистикалық хабты дамытуға шақырылғанын атап өтті.

«Біз «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жандандыруға уағдаластық. Елдеріміз арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқыладық. Қазақстан Еуропа мен Азия арасында трансконтинентальды мультимодальды тасымалдаулар, оның ішінде «Нұрлы жол» және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламалары аясында белсенді түрде дамытып жатқанын атап өткім келеді. Қазақстан Ақтау портын жаңартып, әлеуетін нығайтты. Біз түрік инвесторларының Ақтау портындағы көлік-логистикалық хабты дамыту іс-шараларына белсенді қатысуға шақырамыз», - деді министр.

2013 жылы ашылған «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» бірлескен кәсіпорны – әскери саладағы ынтымақтастығымыздың көрсеткіші. Жуырда аталған кәсіпорын әскери және азаматтық өнімдерді Түркияға экспорттау жөнінде келісімге келді. Осындай мүмкіндіктер ауыл шаруашылығында, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да өндіруші салаларда бар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы