Басқа өңірден 3 жылға артық: Астаналықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы мәлім болды
Астана тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы басқа өмірмен салыстырғанда 3 жылға артық
2025 жылы Астанада күтілетін өмір сүру ұзақтығы 78,78 жасқа жетті. Ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш рекордтық 75,97 жасты құрады. Бұл деректерді Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов елорда тұрғындарымен кездесуде келтірді.
Ең кішкентай бүлдіршіндерге қатысты да жағымды жаңалықтар бар. 2026 жылдың тоғыз айында Астанада нәрестелер өлімі 8,9%-ға төмендеп, тірі туған мың сәбиге шаққанда 3,89 жағдайды құрады.
Медбикелердің өкілеттігі кеңейеді
Дәрігерлерге қаралуды жеңілдету үшін емханаларда дәрігерлер мен медбикелер арасындағы міндеттер қайта бөлінуде.
«Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер мен мейіргерлер арасында жекелеген функцияларды қайта бөлу жүргізіліп жатыр. Бұл орта медициналық персоналдың өкілеттігін кеңейтуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.
Соңғы бір жылда еліміздің емханаларында 684 шұғыл көмек кабинеті ашылып, 988 мобильді бригада іске қосылды. Олар шұғыл араласуды қажет етпейтін шақыртуларға барады.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40%-ға дейін өседі. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
Аурулар ерте анықталуда
Денсаулық сақтау министрлігі аурулардың алдын алуға ерекше басымдық беріп отыр. Енді кейбір профилактикалық тексерулерден 76 жасқа дейін өтуге болады. Министрліктің мәліметінше, артериялық гипертензияны анықтау – 13%-ға, ал қант диабетін анықтау 26%-ға артқан.
Медициналық сақтандыруға қолжетімділік те кеңейіп келеді. Астанада жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік осал топтарға жататын 45 мыңнан астам адам сақтандырылған мәртебесін алды.
Кездесу барысында тұрғындар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, дәрі-дәрмекпен қамту және медициналық ұйымдардың жұмысы туралы сұрақтар қойды.
Жиыннан кейін Манас Рамазанов балаларды ауруханаға жатқызу, тексеру, емдеу және оңалту мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады.