Бүгiн 2026, 17:38 Фото: Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметі

Астаналық оқушылар жүрек ауруын ерте анықтайтын AI жүйе ойлап тапты

Жүйе жүрек-қан тамырлары ауруларын белгілері байқалмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.

Астанадағы мектеп оқушылары медицина мен цифрлық технологияны ұштастырған тың жобаны ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын Қалиақбар Баймұқан, Қуаныш Абулхайр, Бекжан Бақыт, сондай-ақ Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің оқушысы Бердали Жунисхан мен BINOM SCHOOL оқушысы Аркат Хасанов бірігіп, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған BOL (EchoNext) атты интеллектуалды жүйе әзірледі.

Бұл жүйе дерттің клиникалық белгілері әлі байқалмай тұрған кезеңнің өзінде қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жоба жасанды интеллект мүмкіндіктерін кардиологиядағы заманауи тәсілдермен ұштастыру арқылы жүзеге асқан.

Әзірлеменің негізінде бірнеше нейрожелілік модель қатар жұмыс істейді. Swin Transformer ЭКГ сигналдарындағы жалпы үрдістерді саралайды, EfficientNet жүрек соғысының тісшелері мен интервалдарының пішінін дәл айқындайды. Ал ConvNeXt пен DenseNet модельдері талдаудың нақтылығын күшейтіп, нәтижені тұрақтандырады. Осындай көпқабатты талдау жүйесінің арқасында диагностиканың дәлдігі 98 пайызға дейін жеткен.

Жобаның ең маңызды тұсы – оның қолжетімділігі. BOL (EchoNext) қарапайым ЭКГ құрылғысының мүмкіндігін кеңейтіп, оны ерте диагностика жасайтын тиімді құралға айналдырады. Бұл әсіресе кардиологтар жетіспейтін немесе күрделі медициналық техника жоқ ауылдық аймақтар үшін аса маңызды.

Жүйе инфаркт, аритмия секілді жүрек ауруларының жасырын тәуекелдерін алдын ала анықтауға көмектеседі. Соның нәтижесінде дерттің алдын алып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік туады.

Жоба авторларының сөзінше, басты мақсат – жоғары дәлдіктегі медициналық диагностиканы баршаға қолжетімді ету. Олардың пайымынша, технология тек емдеу құралы ғана емес, аурудың алдын алуға қызмет етуі тиіс. Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, керісінше оның сенімді көмекшісіне айналуы керек.

Айта кетерлігі, бұл әзірлеме авторлық құқықпен қорғалған. Яғни жоба зияткерлік меншік ретінде рәсімделіп, оның бірегей ғылыми-техникалық өнім екені ресми түрде бекітілген.

Қазірдің өзінде BOL (EchoNext) медициналық және технологиялық ортада қызығушылық тудырып, мамандардың назарын өзіне аударып үлгерді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның ұлттық құрамасы Балқан математика олимпиадасына қатысып жатыр. 25 елден 150-ден астам оқушы қатысатын додада Қазақстан құрамасы бақ сынайды.

Тағы оқи отырыңыздар: Астаналық оқушы Еуропаны мойындатты: Қазақстан математика олимпиадасында топ жарды 

Хьюстондағы марапат: Қазақстандық оқушылар әлем чемпионатында жеңіске жетті