Астанадағы саябақтарда кене бар ма? – Мамандар эпиджағдай туралы айтты
Мамандар сақтық шараларын ескерусіз қалдырмауға кеңес береді.
Алматыда кене белсенділігі күшейіп, энцефалит жұқтырғандар тіркелгені туралы ақпарат қоғамда алаңдаушылық тудырды. Осыған байланысты Астанадағы эпидемиологиялық жағдай, ботаникалық саябақтар мен адам көп жиналатын орындардағы қауіп деңгейі туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді.
Кене энцефалиті қай өңірлерде тіркеледі?
Маманның айтуынша, Қазақстанда кене арқылы таралатын вирустық энцефалит бойынша эндемиялық аймақтарға Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.
Биыл эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері Алматы қаласында кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелді, – деп түсіндірді Арай Зекенова.
Астанадағы жағдай қандай?
Бас сарапшының сөзінше, елорда кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақ санатына кірмейді.
Астана қаласы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды. Сондықтан ботаникалық саябақта және адамдар көп баратын саябақтарда кене шағу қаупі төмен, кене энцефалитін жұқтырған адамдар жоқ, – деп мәлімдеді ведомство өкілі.
Иммуноглобулин қоры жеткілікті ме?
Маманның айтуынша, Астана үшін кене энцефалитіне қарсы 540 мл иммуноглобулин сатып алынып, қаланың травматологиялық пункттеріне таратылған.
Егер азаматтар эндемиялық аймақтан келіп, кене шаққан жағдайда, Астанада қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына немесе қаланың травматологиялық пункттеріне жүгіну қажет, – деді Арай Зекенова.
Сондай-ақ ол кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл профилактика эндемиялық аймақтарда болған адамдарға ұсынылатынын айтты.
Препарат кене шаққан сәттен кейінгі алғашқы үш тәулік ішінде тиімді болып саналады, – деді бас сарапшы.
Кенеден қалай сақтануға болады?
Кене энцефалитінің алдын алу үшін мамандар табиғатқа шыққанда бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұстануға кеңес береді.
Атап айтқанда:
- дененің ашық бөліктерін және басты барынша жауып тұратын жабық киім кию;
- репеллент қолдану;
- табиғаттан оралғаннан кейін өзара және өзін-өзі тексеру арқылы кененің бар-жоғын қарау қажет.
Сонымен қатар жануарларды, табиғаттан алып келген заттарды және гүл шоқтарын да мұқият тексеру ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі адам кене шаққаннан кейін қауіпті ми ауруын жұқтырғаны хабарланды.
Сондай-ақ, Қазақстанда көктем басталғалы 500-ге жуық адамды кене шақты.