Астанадағы «самса дауы»: Цехтың жұмысы тоқтатылып, айыппұл салынды
«Samsa food» аспаздық цехының жұмысына тыйым салынды
Астана қаласының Сарайшық ауданында орналасқан «Samsa food» аспаздық цехында санитариялық талаптардың бірнеше рет бұзылғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік нысанның қызметіне тыйым салынып, жеке кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы азаматтардың «е-Өтініш» порталы арқылы жолдаған шағымдары негізінде аспаздық цехқа қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру барысында санитариялық қағидалар талаптарының бірнеше рет бұзылғаны белгілі болды.
Осыған байланысты 2026 жылғы 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды. Атап айтқанда, қызметтің басталғаны туралы хабарлама берілмеуіне байланысты нысанның жұмысына тыйым салынды. Ал міндетті медициналық қарап-тексеруден өтпеген қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік субъектісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама да берілді.
Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 160 АЕК айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл – 692 000 теңге.
Оқиға неден басталды?
Оқиға бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде тараған видеолардан басталды. Кадрларда қызметкерлердің пицца қамырына кетчупты қолмен жағып жатқаны, сондай-ақ жерге түскен самсаны көтеріп, қайта қойған дәмхана иесінің әрекеті көрсетілген.
Жарияланымда дәмхананың қаладағы дүкендерге де дайын тағам жеткізетіні айтылған.
Осыдан кейін Астана қаласы Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тұрғындардан бес өтініш түскен. Азаматтар шағымдарын e-Otinish жүйесі арқылы жолдаған.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, видеода көрсетілген аспаздық цех пен дәмхана Өзбекәлі Жәнібек көшесі, 18 мекенжайында орналасқан. Екі нысан да қызметін бастағаны туралы міндетті хабарламаны бермей жұмыс істеген.
Тұрғындардың өтініштері негізінде аудандық басқарма нысанға қатысты жоспардан тыс тексеру тіркеген.