Астанадағы өрт толықтай сөнген жоқ
Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласының айналма жолында құрғақ шөп өртеніп жатқаны жайлы айтылған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып жағдайды біліп қайтты. Өрт әлі толықтай сөндірілмеген. Алдын ала болжам бойынша 15 гектар аумақта өртті сөндіру жұмысын жүргізіліп жатыр.
Желдің күшті болуынан өртті сөндіру қиынға соғуда. Алайда, өртті сөндіру үшін жеке құрамның 160-қа жуық адамы және 40-қа жуық техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ екі тікұшақ тартылды.
Расымен де өрт болған аумақта жүру мүмкін емес. Түтіннің иісіне тұншығып қаласыз. Сол жердегі өрт қауіпсіздік комитеті төрағасынан пікір алудың өзі қиынға түсті. Себебі желдің екпінінен мүлде естілмейді. Мүмкіндігінше жазып алуға тырыстық.
Ауа райының қолайсыздығы жағдайды ушықтырып жіберді. Қазіргі уақытта қорғаныс министрлігінің екі әскери тікұшағын көтердік. Жұмыс істеп жатырмыз. Машина да, адам да өрт болған аумаққа бара алмай жатыр. Себебі батпақ. Машина жүрсе ары қарай батып кетіп жатыр. Өрт сөндірушілерді кінәлаудың қажеті жоқ. Біз бірден іске кірістік. Кішкентай жанып жатқан өрт желдің екпінімен күшейіп кетті. Техника, барлығы жетіп жатыр, - дейді маман.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барған болатын.