Бүгiн 2026, 20:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Астанада бала 13-қабаттан құлап, қаза тапты: Полиция ата-аналарға ескерту жасады

Астанада бала өлімімен аяқталған қайғылы жағдайға байланысты қалалық полиция департаменті ата-аналарға үндеу жасады.

Елордада 6 жастағы бала 13-қабаттан құлап көз жұмды. Астана қаласының Полиция департаменті жыл басынан бері 7 осындай жағдай тіркелгенін айтып, ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.

Ведомство мәліметінше, елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 7 жағдай тіркелген, оның екеуі өліммен аяқталған.

Соңғы оқиға Н. Тілендиев даңғылы бойында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жастағы бала 13-қабаттан құлап кеткен. Оқиға кезінде ересектер ас үйде болған, ал бала бөлмеде қараусыз қалған. Ол балкон терезесі арқылы сыртқа құлап, алған жарақаттарынан көз жұмды.

Полицияның атап өтуінше, мұндай оқиғалардың басым бөлігі ересектердің салғырттығынан және қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болады.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары ата-аналарға келесі қарапайым ережелерді қатаң сақтауды ескертеді:

  • балалар бар кезде терезені ашық қалдырмау;
  • москит торына сенбеу – ол баланың салмағын көтермейді;
  • терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын (блокиратор, фиксатор) орнату;
  • жиһазды терезе маңынан алыс орналастыру;
  • балаларды ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау.

Полиция өкілдері ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырып, балалардың өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық екенін еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Степногорскіде 5 жастағы бала алтыншы қабаттан құлап, көз жұмды.

Жас балалардың құлап кету оқиғалары көбейгендіктен, енді терезені ашық қалдырған ата-аналар жазаға тартылатыны туралы хабарладық.