Астанада жыл басынан бері 1699 адам қызылша жұқтырған
Астанада жыл басынан бері қызылшаның 1699 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың шамамен 80%-ы түрлі себеппен вакцина алмаған. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жанна Пралиеваның айтуынша, аурудың өршуіне иммунитеті жоқ адамдардың көп болуы әсер етеді.
Вакцина алмағандардың арасында ата-анасы екпеден бас тартқан балалар, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және профилактикалық екпені уақытында алмаған адамдар бар.Ауруға шалдыққандардың шамамен 80%-ы түрлі себептермен вакцина алмаған адамдар. Бұл деректер иммунитеттің болмауы инфекцияның таралуындағы негізгі қауіп факторы екенін дәлелдейді,- деді ол.
Маман халықтың басым бөлігі вакцинамен қорғалған жағдайда вирустың таралуы тежелетінін атап өтті. Сондықтан қызылшаның алдын алуда екпемен қамтуды жоғары деңгейде сақтау маңызды.
Пралиева ата-аналарды балаларының екпе мәртебесін тексеруге шақырды. Оның сөзінше, медициналық қарсы көрсетілім болмаса, вакцинадан бас тарту баланың аурудың ауыр түріне шалдығу қаупін арттырады және инфекцияның әрі қарай таралуына ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жыл басынан бері 150 бала қызылша жұқтырғаны хабарланды.
Сондай-ақ, Қызылша жұқтырғандардың 80%-ы екпе алмағандар.