13 Қазан 2026, 20:39 Фото: видеодан скриншот

Астанада жолаушыға тиіскен такси жүргізушісі қамауға алынды

Астанада жолаушыға тиіскен жүргізуші жазаланды.

Астанада жолаушыға тиіскен inDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты inDrive такси қызметінің жүргізушісіне қатысты істі қарап, оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 11 қазанда сағат 07:00 шамасында болған. Жүргізуші тапсырыс орындау барысында жолаушыға әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы орынсыз ұсыныстар айтқан. Осылайша ол қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Жүргізушінің кінәсі іс материалдарымен, хаттамамен, полиция инспекторының рапортымен, жәбірленушінің түсініктемесімен, сондай-ақ құқық бұзушының өз айыбын мойындаған жауабымен толық дәлелденді.

Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде оның кінәсін мойындағанын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін және оның жолаушыға қатысты мазасыз ұсыныстар жасаудан көрініс тапқанын назарға алды. Шешімге сәйкес, жүргізушіні 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды, - деп хабарлады Астана қаласы сотының баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына берген жауабында. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әйелге әдепсіз әрекет жасаған шетелдік 15 тәулікке қамалды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Кездесуге шақырып, ұрлап әкеткен: Астанада жәбірленушілерді кредит алуға мәжбүрлегендер ұсталды

Семейде 19 жастағы студент қызды өлтіріп кетті: Күдікті ұсталды

Теміртауда ата-анасын өлтірді деген күдікпен 20 жастағы жігіт қамауға алынды