Астанада жерлеу орны қалай бөлінеді және қандай қызметтер ақылы?
Астанада әр марқұмды жерлеуге кемінде 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Ол үшін қайтыс болған адамның елордада тұрақты тіркеуде болуы шарт емес. Ал қабір қазу, мәйітті тасымалдау және ескерткіш орнату ақылы қызметке жатады. Қала әкімдігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында жерлеу орнын алу тәртібін түсіндірді.
Жерлеу орнын алу үшін қайда жүгіну керек?
Жерлеуді ұйымдастырушы адам зират әкімшілігіне өтініш береді. Өзімен бірге жеке куәлігін және марқұмның қайтыс болғаны туралы куәлігін немесе медициналық анықтаманы алып баруы керек. Зират әкімшілігі бос орынға қарай жер бөліп, учаске туралы мәліметті тіркеу талонына енгізеді.
Марқұмды бұрын қайтыс болған туысының жанына жерлеуге де болады. Ол үшін сол тұста бос орын болуы және зират әкімшілігі рұқсат беруі қажет. Мұндай жағдайда жалпы құжаттарға қоса, бұрын жерленген адамның қайтыс болғаны туралы куәлік пен туыстық байланысты растайтын құжаттар сұралады.
Отбасы қандай қызметтерге ақы төлейді?
Жер учаскесі тегін берілгенімен, жерлеу рәсіміне байланысты шығындарды отбасы өзі өтейді. Оған табыт пен өзге де жерлеу жабдықтарын сатып алу, мәйітті тасымалдау, қабір қазу, рәсімді ұйымдастыру, сондай-ақ құлпытас пен қоршау орнату кіреді.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл қызметтер ұйыммен жасалған келісім негізінде көрсетіледі. Бағасы тапсырыс көлеміне және ұйымның белгілеген ақысына байланысты. Қызмет көрсетуші төлемді растайтын құжат беруге тиіс.
Марқұмның туыстары анықталмаса немесе жерлеуді ұйымдастыратын жақыны болмаса, жерлеуді жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Бұл жағдайда шығын бюджеттен өтеледі.
Зираттың тазалығына және қабірдің күтіміне кім жауапты?
Зират ішіндегі жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау, ортақ аумақтарды тазалау, қоқыс шығару және жасыл желекке күтім жасау қызмет көрсетуші ұйымға жүктелген. Бұл жұмыстарды тиісті аудан әкімдігі ұйымдастырып, орындалуын бақылайды.
Ал жеке қабірдің, құлпытастың, ескерткіш пен қоршаудың күтіміне марқұмның жұбайы мен жақын туыстары жауапты. Ескерткіш, қоршау немесе орындық бөлінген учаскенің шегінде орналасуы керек. Олар көрші қабірге баратын жолды бөгемеуге және ортақ жүргінші жолына кедергі келтірмеуге тиіс.
Қабір қараусыз қалса, оның құқықтық мәртебесін анықтау және марқұмның туыстарын іздестіру мәселесі қаралады. Қабірді өз бетінше жоюға, көшіруге немесе марқұмды қайта жерлеуге жол берілмейді.
Әкімдіктің түсіндіруінше, зираттардың ортақ аумағын тазалауға жұмсалатын қаражат ауданның жалпы санитарлық тазалау бағдарламасында қарастырылған. Сондықтан әр зиратқа жеке сома бөлінбейді. Атқарылған жұмыстың көлемі мен сапасы қабылдау актілері бойынша тексеріледі.
Елордада жерлеуге орын жеткілікті ме?
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір Астанада жерлеу орындарының тапшылығы жоқ. Жаңа зират ашу немесе қолданыстағы зираттың аумағын кеңейту мәселесі қаланың Бас жоспарына, халық санының өсуіне және жерлеу санына қарай қаралады. Әкімдік қосымша орын қажеттігін ықтимал тапшылықтан екі-үш жыл бұрын жоспарлайтынын хабарлады.
Жаңа қағидалар қашан қабылданады?
Қазір елордада мәслихаттың 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №76/9-VIII шешімімен бекітілген қағидалар қолданылады. Оларға 2025 жылғы 18 наурызда өзгеріс енгізілген.
Әкімдік әзірлеген жаңа редакцияда жерлеу орнын бөлу тәртібін, зираттарды күтіп ұстауға қатысты талаптарды және қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілігін нақтылау көзделген.
Жоба «Ашық НҚА» порталында 2026 жылғы 27 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Әкімдіктің мәліметінше, түпкілікті шешімді келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау қағидаларын бекіту жоспарланып жатқаны туралы жаздық.