31 Тамыз 2026, 16:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Астанада тағы да құрылыс краны құлап, адам қаза тапты

Астанада мұнаралы кранның құлауы қайғылы жағдайға әкелді. Бір адам көз жұмып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.

Бүгін Астанада мұнаралы құрылыс кранының құлауы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі адам зардап шекті. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зардап шеккен тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, - деп жауап берді Астана қаласының Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына.

Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның өзге де мән-жайлары жария етілмейді.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 27 тамыз күні де Астанада құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс краны құлап, оқиға салдарынан кран жүргізушісі қаза тапқан болатын.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам ауыр жарақаттанып, қаза тапты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын растады.