10 Қыркүйек 2026, 10:16 Фото: krisha.kz

Астанада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі алаяқтық: Төрт адам 9 жылға дейін сотталды

Пәтер мен автотұрақты арзан бағамен ұсынып, сатып алушыларға жалған құжат көрсеткен. Сот 35 жәбірленушінің 2,2 млрд теңгелік талабын қанағаттандырды.

Елордада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша үкім шықты. Сот «International Invest Company IIC» ЖШС-нің төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын әрі сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегенін анықтады.

Сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға нысандардың макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толықтай заңды екеніне сендірген. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шоттарына аудару арқылы да жүргізген. Бұл операциялар «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген, - деп хабарлады ҚМА.

Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс салушы компанияның өз қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтық сызбаны да іске асырған.

Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.

Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.