17 Қыркүйек 2026, 18:21 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Астанада қаржы пирамидасына адам тартқан әйел 5 жылға сотталды

«World Business Consulting» қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша астаналық әйел бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сот деректері бойынша оның әрекетінен екі жәбірленуші жалпы сомасы шамамен 23 млн теңге болатын қаражаттарынан айырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот анықтағандай, әйел «World Business Consulting» құрылымында алтыншы деңгейдегі директор болған. 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ол азаматтардың ақшасын қаржы пирамидасына тартқан.

Салдарынан жәбірленушілердің бірі шамамен 8 млн теңге, ал екіншісі 15 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылған.

Сотта әйел кінәсін тек ішінара мойындады. Оның адвокаттары әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деп санап, ақтауды талап етті. Прокурор алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот әйелдің келтірілген шығынды ішінара және ерікті түрде өтегенін, бұрын сотталмағанын ескерді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде ол қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Сонымен қатар оған бес жыл бойы азаматтардың ақшасы мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот сондай-ақ жәбірленушілердің бірінің азаматтық талап арызын қанағаттандырды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.