Астанада қанша әйел зорлық-зомбылық құрбаны болғаны анықталды

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қанша әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2023 жылғы 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Яғни енді тұрмыстық салада денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіру 6 жылға дейін бас бостандықтан айыруға алып келеді. Бұрын ол 3 жыл болған.

Былтырдың 1 маусымынан бастап әкімшілік заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қамаққа алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, ал қайталанған жағдайда 20 тәулікке дейін ұзартылды. Бұрын ол 1 тәуліктен 3 тәулікке дейін болған. Сонымен қатар татуласу рәсімі қатаңдатылды. Қазір тек бір рет және сотта ғана татуласуға болады. Бұрын бұған шектеу болмаған. Тұрмыстағы құқық бұзушылықты тіркеу бұған дейін өтініш беру сипатында болса, енді анықта сипатына көшті. Бұрын полиция жәбірленушінің өтініші болмаса, жауапқа тарта алмайтын, себебі мұндай құқығы болмады, - деді депутат.

Оның сөзінше, осы себептен өтініштердің 60 пайызы жауапсыз қалып отырған.

Дегенмен, өкінішке қарай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан күш көрсету, зорлық жасау көрсеткіші жоғары болып отыр. Мысалы, 2021 жылы Астанада 796 әйел адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сексуалды қылмыстар құрбаны болды. 2022 жылы 1 000 әйел, ал 2023 жылы 9 айда 865 әйел осындай қылмыстарға ұшыраған, - деп мәлімдеді Дания Еспаева.

Мәжілісменнің айтқан дерегіне сәйкес, қылмыстардың басым көпшілігі отбасындағы тұрмыстық жанжалдардың салдарынан, алкогольдік мас күйде жасалады.

Бұған дейін заңнамаға қандай өзгеріс енгізілетіні жайлы жаздық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы