Астанада «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсаукесері өтті

ХХ ғасырдың басында және ортасында қазақ халқының басына түскен ауыр нәубет, зұлмат жылдар туралы айтылар әңгіме аз емес. Әсіресе, «жұмыр жердің жотасы» атанған Тибет қыраты - Гималай тауынан асқан қазақ көші адамзат тарихында өшпейтін із қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылы қазақ көшінің түбі бір Түрік еліне қоныс аударғанына 70 жыл толып отыр. Алтайдан басталып, Баркөл, Тибет жотасы арқылы Гималайды асқан, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен айтулы көштің көзі тірі куәгері, қоғам қайраткері  - Әбдірахман Жәлелұлының «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты өмірбаяндық  кітабы жарыққа шықты.

Кітапта сонау Алтайдан басталған қайғылы тарихи көштің Еуропаның төрінде өзінің межесіне жеткені баяндалған, бұл нағыз қазақ тарихы деп есептейміз. Әбдірахман аға қазақтың жоғын жоқтап, үлкен азамат ретінде атсалысып, шеттегі азаматтардың мүддесі үшін, Дүниежүзі қазақтарының төралқа мүшесі ретінде көп еңбек сіңірген азамат. Кітаптың қазақ тарихында ойып алар орны мол деп білемін, - деді «Отандастар» қорының басшысы Абзал Сапарбекұлы.

Әбдірахмен Жәлелұлы - әйгілі Зуқа батырдың (Семей, 1866 ж - Алтай, 1928 ж.) немересі. 1938 жылы Баркөлде дүниеге келген атамыз бүгінде Германияның Кёльн қаласында тұрады. Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаушы және құрметті төрағасы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының екі мәрте төралқа мүшесі, көрнекті қоғам қайраткері.

Қазақтың қилы тағдырынан сыр шертетін тың туындының авторы - Алтайдан ауған қаралы көштің басы-қасында болған қайраткер тұлғаның қатысуымен өтетін тұсаукесер рәсіміне ұлтжанды азаматтар, тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.

Немере бауырым Әбдірахман Четиннің кітабының түсаукесеріне келдік. Жан-жақтан ағайын, туысқан бауырлар келіп қуанышты болып жатырмыз. Көрмегендермен көрісіп дегендей, казір үлкен кісілер азайдық мен 86 жасқа келіп тұрмын, Әбдірахман 84-ке келеді. Біз де бір елдің ағасы болып қалдық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әбдірахман бұл кітабында жеті жасынан бастап басынан өткенді жазып шықты. Сонау 1950 жылдан бастайды, Қытай жерінен өтіп Гималай астық, толық бір жылда Үндістанға келдік. Сол бір жылда бастан өткен өмір, қайғы-қасіретті заман. Менің де «Аңсаған арман» деген кітабым бар. Ол да елімді жұртымды аңсап жазған кітабым еді. Айланып келгенде бәріміздің жолымыз бір, ойымыз бір, көргеніміз бір болды. Әбдірахманның оқығаны бар, білім жағы жоғары. Бұл кітапты оқыған адамдар тәлім алады, ой түйеді.  Әсіресе жастарымыз оқып танысса екен деген тілек бар,- дейді Арыстан Тосын атамыз.

Әбдірахман аға кітаптың жазылу тарихына тоқталып өтті.

Құрметті ағайын-туған, дос-жаран сіздер жиналып келіп отырсыздар, рахмет. Кітаптың ішінде көзбен көргенімді, қолмен ұстағанымды, таяқпен жүріп барғанымды, бастан кешкенімді осы 4-5 ауыз сөзбен жинақтап, жеткіздім. Жылы лебіздеріңізге рахмет. Ертелі-кеш болса да осы арман бүгін орындалып жатыр. Кітапты жазып отырғанда көп нәрсе есіме түсті, кітапты жазып бітірем бе, жоқ па, ішінде Қазақстан деген сөз бір шетінде болса екен деп армандадым. Қазір жасым 83 –те, 7-жасымнан кейінгі өміріміз баяндалды. Бұл кітаптың жазылуына пандемияның да әсері болды. Пандемия кезінде әсіресе Түркияда шектеуді қатты ұстанды. 65 жастан асқан үлкен кісілерді үйден шығармай қойды. Сол жағдай осы кітаптың дүниеге келуіне, өмір жолымның жазыулына себепші болды. Өте қуаныштымын, қабыл алыңыздар!, - деді Әбдірахман Четин аға.

Кезінде  Хабар арнасында шет елде жүрген қазақ бауырлар туралы «Қазақтар» деген жоба жарық көрген еді. 

Хабар2 арнасы ашылған жылдары арнаның сүйікті жобаларының бірі «Қазақтар» жобасы болатын. Сол жобаның авторларының бірі, әрі продюсері болдым. Сонда біз 32 фильм шығардық. Сол 32 фильмнің барлығы қазір Хабар мен Еларнаның алтын қорында сақтаулы. Сол қандастарымызды, ағаларымызды іздеу жолында тапқан ағаларым бүгін мінекей кітап шығарып жатыр. Сол кезден бері 20 жыл өтіпті. Кітапта ең ауыр көшті бастан өткеріп, өлім-жітім көріп, жолай жақындарын көміп, шет елге тұрақтаған азаматтар туралы кітаптың құндылығы жоғары деп білем. Сол көштің қалай болғанын, бұл кісілердің Еуропаға қалай жеткенін зерттеп біліп қазақ қауымына теледидар арқылы кезінде жеткізген болатынбыз. Соңғы көшті бастан өткеріп, қиындыққа қайыспай, сынбай, азамат болып, қазақ болып қалып, қалам тартып елімізге қайта оралып, кітап сыйлып жатқанын нағыз ерлікке балар едім,- деді Сенат депутаты Дана Нұржігіт.

Кітап 1000 дана басылыммен жарық көрді. Болашақта оны бірнеше тілге аударып жарыққа шығару жоспарда бар. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы