Астанада омикрон мен дельта штамдары әлі басылмай тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова хабарлады. Оның айтуынша, коронавирустың мутацияға ұшырауы тоқтамай тұр. 

Коронавирус инфекциясы бойынша аурушаңдық көрсеткішінің төмендеуі мен карантиндік іс-шаралардың жеңілдетілуіне қарамастан, коронавирус әлі толастаған жоқ, мутацияға ұшырауда. Соңғы жасалған секвенирлеу қорытындысы бойынша астанада қаңтар айында омикрон штамы басым болған. Сонымен қатар қаладағы 29,4% жағдайдың өлім-жітім қаупі жоғары дельта штамына тиесілі, - деп атап өтті елорданың бас санитарлық дәрігері. 

Ведомство өкілі індеттен қорғанудың тиімді жолы – вакцинация мен ревакцинация екенін тағы да ескертті. 

Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,4 есе, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 84,6-дан 33,9-ға дейін төмендеуі тіркелді. Өткен тәулікте 43 жағдай анықталды. Коронавирус инфекциясының даму қарқыны бойынша RT репродуктивті саны 0,52-ні құрайды, - деді Сархат Бейсенова. 

Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың бас санитарлық дәрігері қаланың эпидемиологиялық матрица бойынша «жасыл» аймаққа өткені туралы айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы