6 Қазан 2026, 10:42 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Астанада Оман Сұлтанын қарсы алу рәсіміне дайындық жүріп жатыр

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты ресми қарсы алу рәсіміне дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманды бүгін Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алады. Қазір мұнда рәсім алдындағы соңғы дайындық пысықталып жатыр.

Сарайдағы соңғы дайындық

Сарай алдында Қазақстан мен Оманның мемлекеттік тулары қатар желбірейді. Алаңда арнайы көліктер орналасқан, қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер жұмыс істеп жүр.

Ғимарат ішінде де қызметкерлер кездесуге әзірленіп жатыр. Қонақтар жүретін дәлізге көгілдір кілем төселіп, кіреберісте тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Баспасөз орталығындағы қарбалас

Баспасөз орталығына қазақстандық журналистермен бірге Оманнан келген БАҚ өкілдері жиналған. Үлкен экранда екі елдің туы көрсетілген.

Тілшілер жұмыс орындарына жайғасып, түсірілім топтары техникаларын дайындап жатыр. Рәсім басталғанға дейін әріптестердің әңгімелесіп, кофе ішіп алуға да уақыты бар.

Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапар

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Астанаға кеше, 5 қазанда келді. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Оман тарапы оның Орталық Азияға да алғаш рет сапар жасап отырғанын атап өтті.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мәртебелі мейманның ұшағы Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін оны еліміздің Әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары сүйемелдеді. Әуежайда Сұлтанды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Сол жерде өткен қысқаша әңгіме барысында Қазақстан Президенті сапарды тарихи оқиға деп бағалап, екі ел серіктестігінің әлеуеті зор екенін айтты.

Келіссөздерде не талқыланады?

Бүгін ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекет басшылары келіссөз жүргізеді. Кездесуде саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері талқыланбақ. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

Экономикалық ынтымақтастық мәселелері екі ел басшысы қатысатын қазақ-оман бизнес форумында да қаралады. Негізгі бағыттар қатарында логистика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, құрылыс және инфрақұрылым бар.

Ортақ жобалар және теңізге шығатын бағыт

Қазақстан мен Оман жалпы құны шамамен 3 млрд доллар болатын бес ірі инвестициялық жобадан тұратын ортақ портфель қалыптастырған. Оның ішінде энергетика және теміржол тасымалы салаларындағы жалпы құны 1,1 млрд доллар болатын екі жоба жүзеге асырылған.

Қазақстан үшін Оманның порт инфрақұрылымы да қызығушылық тудырады. Ол отандық өнімдерді Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты өңіріндегі елдердің нарығына жеткізетін қосымша бағытқа айналуы мүмкін.

Ал әзірге Тәуелсіздік сарайында дайындық жалғасып жатыр. Фотографымыздың кадрларында ресми кездесуге дейінгі осы сәттер көрініс тапты.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.