11 Қараша 2026, 11:27 Фото: видеодан алынған кадр

Астанада екі жасөспірімнің өлімі: Оқиға туралы не белгілі?

Астанада екі жасөспірімнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. BAQ.KZ тілшісі оқиға болған тұрғын үйге барып, тұрғындармен және мүлік иелері бірлестігінің төрағасымен сөйлесті. 

Қайғылы оқиға 9 қараша күні кешкі сағат 18:00 мен 19:00 шамасында болған.

Осы үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Ләйлә Кенжебаева марқұмдардың бірін танығанын, оның күзден бері әжесімен бірге осы тұрғын үйде тұрғанын айтты. Оның сөзінше, екі жасөспірім құрбы болған.

Екі қыз құрбы болған секілді. Біреуі күздің басында ғана осы тұрғын үйге көшіп келген. Әжесімен бірге тұратын еді. Әжесінің айтуынша, анасы шетелге жұмыс жасауға кеткен, - дейді ол.

Бірлестік төрағасы бейнебақылау жазбаларын қарағанын да жеткізді. Айтуынша, камераға жасөспірімдердің үйге кіргені және бірге болғаны түскен.

Үйге екі қыз бірге келді. Біреуінің ұнжырғасы қатты түсіп кеткен. Жеделсатыға мініп, бірден 13-қабатты басты. Кейін балконға қарай барып, қолынан бір қағазды құрбысына берді. Кейін 18:40-тағы жазбада қыздар жерде жатқан. Демек бір жарым сағаттай олар әңгімелесіп отырған, - дейді Ләйлә Кенжебаева.

 Тұрғындар не дейді?

Марқұмның жақындарымен сөйлесу мүмкін болмады. Тұрғындардың бірі болған жағдайдан бейхабар екенін айтса, енді бірі сол кеште әпкесінің үйде болғанын жеткізді.

Әпкем құлаққаппен музыка тыңдап, тамақ жасап жатқан екен. Кенет бір қатты дыбыс естілген. Оған қатты мән бермеген. Кейін сиренаның даусы естілген соң, балконнан қараса, жердің бәрі қан болып жатқан, - дейді тұрғын.

Полиция қандай мәлімет берді?

Астана қаласының полиция департаменті суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген ведомствоның түсіндірмесінде.

Оқиғаның себептері мен толық мән-жайы анықталған жоқ. Тұрғындар айтқан мәліметтерге қатысты полиция қосымша түсініктеме берген жоқ. Қайғылы жағдайдың мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.