Астанада бір аптада 8 мыңға жуық адам тұмау жұқтырған
Мамандар инфекциядан сақтану шараларын күшейтуге шақырды.
Астанада 2 қазаннан бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр. Эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты инфекция жұқтыру қаупі жоғары тұрғындар вакцинациямен қамтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, осы мақсатта елордаға Ресейде өндірілген «Гриппол +» вакцинасының 175 555 дозасы жеткізілген.
Айта кетерлігі, вакцинация Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы «2026-2027 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №11 қаулысына сәйкес жүргізілуде.
Профилактикалық екпе алатын тұрғындар қатарына созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар, ерте жастағы балалар, сондай-ақ жабық үлгідегі мекемелер мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда болатын адамдар жатады, - деп атап өтті Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева.
Сонымен қатар елордада жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанушылық өсіп отыр. 1-7 қазан аралығында қалада ЖРВИ-дің 7 649 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 466,6 болды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,2 есе жоғары.
Эпидемиялық маусымда инфекциялардың алдын алу және халықтың тәуекел топтарын профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары жалғасуда, – деді ведомство өкілі.
Айта кетейік, тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көбеюіне байланысты үйдегі дәрі қобдишасында қандай дәрілердің болуы тиіс екені хабарланды.
Сондай-ақ, Астанада эпидемиялық маусымда 313 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырып, Алматыда төрт бала жансақтау бөліміне түсті.