Астанада автобус жарық бағанасына соғылып, жолаушылар зардап шекті

Астанада Бейбітшілік көшесінде жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қалалық бағыттағы автобус жарық бағанасына соғылып, салдарынан екі жолаушы зардап шекті. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға жүргізушінің жол-көлік және метеорологиялық жағдайды ескермей, рөлге ие бола алмай қалғанынан туындаған.

«Iveco» маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Молдағұлова көшесімен келе жатып, жарық бағанасына соқтығысқан. Соққы салдарынан автобустың екі жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлердің қарауынан кейін олар үйлеріне қайтарылды, – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаменті.

Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеріс жүргізілуде.

Полиция жолда абай болуға, ауа райының қолайсыздығы кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.

2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.

Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.

Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.

Сондай-ақ 5 желтоқсанда Астанада екі автобус соқтығысып, бір адам қаза тапты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы