1 Қыркүйек 2026, 10:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Жасанды интеллект

Астанада апатты үйлерден көшу үшін 520 құжат қабылданды: Кімдер биыл жаңа пәтер алады?

Астанада апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір меншік иелері мен жалдаушылардан 520 құжат қабылданған. Биыл жоспарға енген 25 апатты үйдің 22-сі бойынша көшіру аяқталып, қалған үш жатақхананың тұрғындарын жыл соңына дейін қоныстандыру көзделген. Бұл туралы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің ресми сауалына Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

Басқарма дерегінше, 2026 жылы «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарындағы 25 апатты үйдің тұрғындарын 675 пәтерге көшіру жоспарланған.

Қазір 22 апатты үй бойынша көшіру жұмыстары аяқталған. Тұрғындарға 158 пәтер берілген.

Ал қалған үш нысан – апатты жатақханалар. Олардың тұрғындарын көшіру 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, келесі жылы бұл жұмыс ауқымы кеңеймек. 2027 жылы 29 апатты үйдің тұрғындарын 745 пәтерге көшіру көзделген.

Алайда тұрғындардың нақты қашан жаңа баспана алатыны дайын пәтер қорының болуына байланысты. Басқарма көшіру шаралары пәтерлер коммуналдық меншікке түскен сайын жүргізілетінін нақтылады.

Қазіргі уақытта апатты үйлердің меншік иелері мен жалдаушыларынан 520 құжат қабылданған.

Жаңа баспана беру тұрғындардың құқық белгілейтін құжаттары негізінде және қалыптастырылған тұрғын үй қоры шеңберінде жүзеге асырылады. Әрбір жағдайды Астана қаласы әкімдігі жанындағы Тұрғын үй қорын реновациялау жобасын іске асыру жөніндегі комиссия қарайды.

Комиссия шешімімен келіспеген тұрғындар дауды сот тәртібімен шеше алады.

Ресми мәлімет бойынша, 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын реновациялау жобасы аясында елордадағы 206 апатты үйдің тұрғындарын 4 710 пәтерге көшіру жоспарланған.

Оның ішінде 104 үй «Байқоңыр», 82 үй «Сарыарқа», 12 үй «Сарайшық», 5 үй «Есіл», тағы 3 үй «Алматы» ауданында орналасқан.

Жалпы, 2013 жылдан бері Астанада 341 апатты үйдің тұрғындары қоныстандырылып, 6 145 отбасы жаңа пәтермен қамтамасыз етілген.

Басқарма сондай-ақ үйдің апатты деп танылуы меншік иелерін оны күтіп-ұстау міндетінен босатпайтынын еске салды. Тұрғындар нақты көшірілгенге дейін пәтердің және үйдің ортақ мүлкінің қауіпсіз жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.

Тағы оқи отырыңыз:

Пәтер жалдаймын деп сан соғып қалмаңыз: Баспана іздегендер нені білуі керек?

«Несие мақұлданған, бірақ пәтер жоқ»: Алматы жастары бағдарламасына қатысушылар неге шағымданып жатыр?

Қазақстанда баспана алу ережесі өзгереді: Кімдерге басымдық беріледі?