Астанада 19 қыркүйекте мыңдаған адам қатысатын экологиялық акция өтеді
Тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу шаралары бір күнде өтеді. Әкімдік тұрғындарға үндеу жасады.
Астанада 19 қыркүйек күні «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day-ге орай жалпы қалалық экологиялық акция ұйымдастырылады.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, акцияға қала тұрғындары мен қонақтары, волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысады.
Іс-шара барысында Астананың саябақтары, гүлзарлары, аулалары және басқа да қоғамдық әрі табиғи аумақтары қоқыстан тазаланады. Сонымен қатар акция аясында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, Астанада 12 қыркүйекте басталған «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы да жалғасып жатыр. Айлық аясында елорданың аудандарында саябақтар, гүлзарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарға іргелес аумақтар санитарлық тазартылып, абаттандырылып, көгалдандырылуда.
Экологиялық айлықтың негізгі мақсаты – тұрғындарды қаланың тазалығын сақтауға, елорданы абаттандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ортақтастыру.
Елорда әкімдігі Астана тұрғындары мен қонақтарын 19 қыркүйекте өтетін экологиялық акцияға белсенді қатысуға шақырады.
Акцияға қатысу арқылы әр азамат қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса алады.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде World Cleanup Day халықаралық экологиялық акциясына орай ауқымды тазалық іс-шаралары ұйымдастырылады.