Аспандағы ерекше көрініс: Қазақстандықтар «жұлдыз жауынын» тамашалады
12 тамыздан 13 тамызға қараған түні Персеид метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді.
12 тамыздан 13 тамызға қараған түні әлем халқы, соның ішінде қазақстандықтар жыл сайынғы ең әдемі ғарыштық құбылыстардың бірі – Персеид метеор ағынын тамашалауға мүмкіндік алды.
Қаланың жарығынан алыс, табиғат аясына шыққан қала тұрғындары мен фотографтар аспаннан аққан жұлдызды таспалап, суреттерін әлеуметтік желілерде бөлісті. BAQ.KZ назарларыңызға бірнеше әсерлі кадрды ұсынады.
Тұрғындардың айтуынша, жұлдыз ағынын тамашалау үшін арнайы телескоп керек болмаған, сондай-ақ қарапайым телефон камерасымен әдемі кадрлар жасалған. Олар табиғат құбылысын анық көру үшін шаһардың шуылы мен жарығынан алыс аймақтарды таңдаған.
Алматылықтар Асы үстірті мен Шарын шатқалына ағылып, жұлдыздарды бақылады.
Елордалықтар Бурабай бағыты мен Ерейментау, Қабанбай және тағы басқа елдімекендеріне арнайы барып, ерекше кадрларды жарияларды.
Маңғыстаудың Бозжыра шатқалында түнеп, түнгі аспанды таспаға басқан фотографтардың еңбегі де көптің сүйіспеншілігіне бөленді.
Бұл ғажайып құбылысты Шығыс Қазақстан тұрғындары да көзбен көре алды.
Еске салсақ, бұған дейін аспанда «жұлдыз жауыны», яғни Персеидтерді Қазақстанда қай кезде көруге болатынын жаздық. Биыл Солтүстік жарты шарда оны бақылауға өте қолайлы жағдай қалыптасты.
Жанерке Жәкен