Әскер жүйесін реформалау үшін тағы қанша жас мүгедек болуы керек? - Депутат
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат сауалында әскери саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын айтты.
Депутаттың келтірген дерегінше, 2022 жылы әскерге шақырылушылар саны 2 мыңға артып, мерзімді қызметтегі сарбаздар саны 35 мыңға жетті. 14 мыңнан астам адам Қарулы Күштерге шақырылды.
Мерзімді қызметтегілердің қалған бөлігі, яғни, 13 мыңы, Ұлттық ұлан, 8 мыңы – басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарын толықтырды.
Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жүйесін реформалаумен айналысуы үшін тағы қанша жас азаматтар, мүгедек болуы керек? Бос ұрандардың орнына қазақстандық армияны нақты реформалаудың уақыты келді. Біз қорғаныс қабілеттілігі мәселелерін шешу кезіндегі басты назар Қарулы Күштердің жеке құрамы өзінің өмірлік қызметін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтар қатарынан құрылуы тиіс деп санаймыз, - деді депутат.
Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, еліміздің экономикасын көтереміз деп жүріп, идеологиялық жұмыстарды ысырып қойғанымыздан туындап отырған жағдай.
Тәуелсіз ел үшін ең маңызды нәрсе – ол еліміздің қауіпсіздігі екенін бәрі біледі. Әлемдік аренадағы мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен де өлшенетіні бәріне мәлім, - дейді Мәжіліс депутаты.
Наурыз Сайлаубай депутаттық сауалында мынадай ұсыныстар жолдады:
1. ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар қаншалықты жоспарлы түрде жүріп жатыр және Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жасақтандыру, цифрландыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар жоспары қалай жүріп жатыр?
2. Соңғы үш жылда, яғни 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстан әскерінде сарбаздарға қатысты қозғалған істердің шешімдерінің нәтижелері мен қорытындылары.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы қазақстандық армияны бірыңғай келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерден жинақталатындай етіп кәсіби негізге толығымен ауыстыруды ұсынады. Біз қорғаныс қабілеттілігі мәселелерін шешу кезіндегі басты назар Қарулы Күштердің жеке құрамы өзінің өмірлік қызметін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтар қатарынан құрылуы тиіс деп санаймыз, - деп сөзін түйіндеді депутат.
Бұған дейін депутат әскерге барғысы келмейтіндер туралы айтқан болатын.