Асқар Ақаев қырғызстандықтардан кешірім сұрады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында «Құмтор» ісі бойынша сот алдында жауап беру үшін елге оралған Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев қырғызстандықтарға үндеу жасады.
Оның айтуынша, елден жырақта жүрсе де, ол «Құмтор» ісіне қатысты жаңалықтарды қалт жібермеген екен. Әсіресе 2020 жылы қазанда болған оқиғадан кейін қабылданған шешуші шаралардан соң, ол шет елде жайбарақат отыра алмағанын жеткізді.
Маған іздеу салынып, Қырғызстанда жауапкершілікке тартылғаныма қарамастан, «Құмтор» ісіне қатысты сот алдында жауап беру үшін қайтып келдім, - деді Ақаев.Елдің бұрынғы басшысы Қырғызстанға келгелі күнделікті жауап алу процедураларына барып, тергеушілердің сауалдарына жауап беруде.
Асқар Ақаев «Құмтор» жобасы бойынша құжатқа қол қалай қойылғанын айтып берді. Ол атап өткендей, тәуелсіз Қырғызстан елінің президенті ретінде оның алдында елді алтынвалюталы ресурстармен қамту міндеті тұрды, «Құмтор» алтыны сол сәтті жобалардың бірі болар еді.
1992 жылғы желтоқсанда Канадада «Құмтор» жобасы бойынша канадалық «Камеко» корпорациясымен бірінші келісім орнатылды. Атышулы жоба осылай бастау алды.
«Құмтор» бойынша бас келісімге қол қойылған күннен бастап қырғыз тарапы ұлттық мүддені ысырып қойып, көп шешімді канадалық тараптың пайдасына шешті. Осындай деректердің бірі - Қырғызстан үкіметінің «Камеко» корпорациясын салықтан, сондай-ақ 1992 бас келісімге қол қою барысында табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін алынатын салықтан босатуы болды. Бұдан бөлек «Құмтор» жобасын басқаруды канадалық тарапқа беруі де себептесті. Салдарынан қырғыз тарапы дивидендтен, республика бюджетіне түсетін ірі салықтық түсімдерден де қағылды, - деді экс-президент.
Оның сөзінше, ол Үкіметтің қылмыстық қателігі ғана емес, өзінің де жіберген қателігі.
Ел басы ретінде бұл менің де қателігім болды. Себебі мен «Құмтор» жобасы бойынша шешімді Үкіметке риясыз сенген соң қабылдадым. Мен бас келісімге қол қояр кезде Қырғызстанның мүддесі толығымен ескерілген деп ойладым, - деді ол.Үкіметке тиісті бақылаудың болмауы канадалық инвесторларға кен ошағын толық бақылауға алуға мүмкіндік берді. Олар үлкен пайдаға кенеліп, Қырғызстанға аз-кем дивиденд беріп, сондай-ақ жыл сайын көбейіп бара жатқан экологиялық проблемаларды қалдырды.
Құрметті отандастар, мен жіберген қателігім үшін сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын. «Құмтор» жобасы бойынша қырғыз халқының үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Мен тергеу органдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, осы ісімді жалғастырамын. Алайда Қырғыз Республикасының азаматы ретінде және бұрынғы президент ретінде өзімнің жіберген қателіктерім үшін өзімді кінәлі сезінемін және сіздерден тағы да кешірім сұрағым келеді, - деді Ақаев.Айта кетейік, «Құмтор» ісін тергеу аясында ведомствоаралық тергеу тобының бастамасымен Асқар Ақаевқа іздеу жарияланған болатын. Елдің бұрынғы президенті басқа шенеуніктермен қатар 1992 жылы «Құмтор» жобасы бойынша бас келісімді жасасу барысында, 1994 жылы оған өзгеріс енгізу барысында, сонымен қатар 2003 жылы «Камеко» компаниясымен бас келісімді қайта құрылымдау кезінде сыбайлас жемқорлық фактісіне жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ақтөбе облысында есірткі пайдаланған жүргізуші ұсталды
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы