Астана ашық университеті құрылуы мүмкін

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Wikibilim қоғамдық қорының жетекшісі, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Жастар жылының ашылу салтанатында Астана ашық университет жобасын таныстырды. 

«Ашық университет идеясы бүгінде әлемде кең қолданылатын қашықтықтан оқу мен жаппай ашық онлайн курстардың тұжырымдамасына сәйкес келеді. Осындай курстардың технологиясы мен методикасы білім беруді дербестендіруге бағытталған. Яғни әр адам қажет білімді өзіне ыңғайлы орында, уақытта, жылдамдықта оқи алады. Бүгінде әлемде осындай ашық университеттер жобалары белсенді дамып жатыр. Әлемде онлайн курс тыңдаушыларының саны 100 млн-нан асады», - деді Кенжеханұлы.

Wikibilim қоғамдық қорының жетекшісі бұл жоба арқылы барлық қазақстандық студенттерге жетекші университеттердің курстарын онлайн оқу қолжетімді болатынын айтты. Бүгінде порталда 100-ден астам қазақ және орыс тіліндегі курстар әзірленген. 

«Ашық университет бір жағынан білім беру сапасы мен мазмұнын көтеріп, оны ілгері талапқа сай жаңартуға жол ашады. Екінші жағынан қазіргі ақпараттық технологияларды қолдана отырып, оны баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Мазмұны жағынан да, технологиялық тұрғыдан да жас ұрпаққа бұл жобаны таныстыру сәті жариялаған Жастар жылының басталуымен сәйкес келді. Сіз қолдап, құптаған жағдайда «Астана ашық университетінің» өз курстарын білім іздеген жастарға алдағы оқу жылынан ұсынуға дайын болмақ. Қолдауыңызды сұраймыз», - деді ол.

Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылы салтанатты түрде ашылды.

Жас кәсіпкер Расул Абдуллаев елімізді ребрендинг жасайтын ұйым құруды ұсынды.

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атаумен өтіп жатқан салтанатты шараға бас қосқан белсенді жастардың бірі Тамила Розметова Астанада алма бағын отырғызатынын айтты.

Атап өтсек, моңғолиялық қандасымыз қазір елордалық мектепте білім алып жатыр. Бұған дейін құсбегілік өнерін әлемге танытқан бүркітші қызбен сұхбаттасып, Елбасымен кездесу алдындағы көңіл-күйін сұрастырған едік.

Қазақты әлемге танытқан бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Моңғолияға шақырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы