Қашықтан оқыту. Мектептегі қиындықтарды 3 деңгейге бөлдік – мектеп директоры
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Білім беруді сандық трансформациялау» тақырыбында өткен қалалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында №54 мектеп-лицейінің директоры Шәкәрім Сейсенбай IV тоқсанда білім беру мекемесі тап болған қиындықтар туралы айтты.
Сонымен қатар, мектеп директоры биыл IV тоқсаннан бастап №54 мектепте қашықтан білім беру жүйесін қалай ретке келтірді? Жаңа оқу жылына қандай өзгерістер енгізді? Мектеп басшысы осы сұрақтарға жауап бере келе, мұғалімдерге жасалып жатқан жағдайлар туралы да айтып берді.
IV тоқсанда қашықтан білім беру жүйесі басталған кезде мектептегі қиындықтарды 3 деңгейге бөлдік. Олар мектеп деңгейіндегі, мұғалім және ата-аналар мен оқушылар деңгейіндегі проблемалар, - дейді Шәкәрім Толыбайұлы.
Мектеп деңгейіндегі проблемалар
Бірыңғай платформаның болмауы, белгілі бір ереженің, жүйенің және жоспардың жоқтығы мектептер үшін қиын болды.
Мұғалім деңгейіндегі қиындықтар
Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығының төмендігі. Себебі індетке мұғалімдер дайын болмады. Олар бұл уақытқа дейін қашықтан оқыту құралдарын қолданып көрмеген. Кейбір жасы үлкен ұстаздарымыздың қорқыныштары басым болды. Сабақ беру кезінде цифрлық құралдарды пайдану кезінде бойларында пайда болған қорқыныштары үлкен кедергі болды.
Ата-аналар мен оқушылар деңгейіндегі проблемалар
Ата-аналар тарапынан көптеген сұрақ туындады. Қашықтан білім беру жүйесі қалай жұмыс жасайды? Балаларымыз қалай сабаққа шығады? Олардың алған білімдері қалай бағаланады? Үйлерінде компьютері мен интернеті жоқ ата-аналар да осындай қиындықтарға тап болды.
Осылайша аталған проблемалардың шешімін табуға тырыстық. Мектепте ең алдымен G Suite платформасын енгіздік. Бұл Google компаниясының өнімі. Мемлекеттік білім беретін мекемелерге Google-дің қосымшаларын тегін қолдануға мүмкіндік беріледі. Осы қосымша аясында қашықтан білім беруді жүзеге асырдық. Онымен қоса, ата-аналар, оқушылар мен ұстаздарға нұсқаулықтар шығардық. Нұсқаулықта қадам-қадам бойынша бағалау қалай жүргізіледі, сабақ жүйесі қалай болады, тапсырмалар қаншалықты беріледі, қиындықтар туған жағдайда кімге хабарласатыны туралы жаздық. Кейін оны ата-аналарға, мұғалімдер мен оқушыларға таратып бердік, - деді ол.
Шәкәрім Сейсенбайдың айтуынша, ұстаздарға арнап 30-ға жуық видеосабақ шығарған. Ол видеосабақтар Youtube-тан ашылған «Білім уақыты» деп аталатын арнаға салынып жатыр.
Қазіргі күнге дейін сабақтар түсіріп жатырмыз. Онда мұғалімдерге арналған қазақ тіліндегі тегін видеосабақтар бар. Ол жерде қашықтан білім беруде қандай инструменттер қолдануға болады деген сияқты сауалдарға лайфхактар түсірілген, - деп өз тәжірибесімен бөлісті мектеп директоры.