Қашықтан оқыту. Қандай қиындықтар бар?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде "Қашықтан оқыту: ізденіс және тәжірибе" тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік вебинар өтті, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы мұрындық болған жиын онлайн форматта ұйымдастырылды.
Басқосуда жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері "Қашықтан оқытуда қандай қиындықтар бар?", "Ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалана білеміз бе?", "Сабақты қалай түрлендіріп өткізуге болады?" және "Озат тәжірибемен бөліскіңіз келе ме?" деген сауалдар төңірегінде өзара пікір алмасты.
Әдістемелік вебинарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, КИМЭП, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы және Түркістан мен Атырау облыстарындағы мектеп мұғалімдері тақырыпқа орай туындаған мәселелерді ортаға салды.
Шараны Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекова ашып, жүргізіп отырды. Ол карантин жағдайында еліміздегі оқытушылар қауымының бір-біріне қолұшын созуы үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.
Қыздар университетінде жаңа форматта сабақ беру үдерісін ұйымдастыруға ұйытқы болғаны үшін оқу орнының басшылығына және Информатика және қолданбалы математика кафедрасының ұжымына алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар ол серіктес жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер тарапынан да қолдауға ие болды. Ал бүгінгі келелі кеңесті өткізуге атсалысқан А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкерлері О. Жұбаева, А. Жаңабекова, Б. Қапалбеков пен С. Құлмановқа білім алушылар мен университет атынан ризашылық білдіремін, – деді Тыныштық Ермекова.
Сондай-ақ ол қашықтан оқыту форматының қиындығы мен артықшылықтарына және кафедра оқытушылары жиі қолданатын платформалар мен технологияларға тоқталды.
Вебинар барысында қатысушылар қашықтан оқу форматы аясында цифрлық білім беру ресурстарын онлайн оқытуда тиімді пайдалану, жаңа цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері, квиздер, геймификация элементтерін пайдалану тұрғысында баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Жәмила Отарбекова вебинарға қатысушыларды экрандық камера және Google Picasa, CamStudio бағдарламасымен бейнедәрістер мен бейнетаныстырылым жасау кезінде қосымшаларды қолданудың қадамдық процедурасымен, сондай-ақ Movavi VideoSuite бейнередакторында видео түсірілімдерді монтаждау, дыбыспен слайд шоу жасаудың жолдарын көрсетті. Ал Лира Ибраймова онлайн сабақтарды ұйымдастырудың алгоритімдерімен, әлеуметтік желіде сабақ ұйымдастырудың артықшылықтарымен, барынша кең аудиторияны тарту және нысаналы топқа арналған ақпарат жүктеудің тәсілдерімен таныстырды.
Zoom платформасында конференция ұйымдастыру кезінде топпен қалай тиімді жұмыс істеудің жолдарын, YuoTube желісінде жеке канал ашу, онда сабақ материалдарын жүктеу, бейнехостингтерде дайын материалдарды орналастыру үшін бұлтты технологияларды қолдану процедурасын Жарқынбике Сүлейменова баяндады.
Жиын соңында қатысушылар танымы зор вебинарды өткізгені үшін профессор Тыныштық Ермековаға алғыс айтып, айтылған жайттардың барлығы оқытушылар үшін пайдалы болғанын жеткізді.
Келесі осы тақілеттес басқосуды өткізуді эстафетасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жолданды. Онда басты тақырып ретінде студенттің білімін бағалау, тексеру мақсатындағы тиімді технологияларды қолдану сынды мәселелер ұсынылды.