Асхат Аймағамбетов отандық ғалымдарды марапаттады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Ғылым қызметкерлері күніне орай «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» тақырыбында форум-көрме өтті.
Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҒЗИ-дің басшылары, «Атамекен» ҰКП және бірқатар отандық ғалым қатысты.
Көрмеде қонақтарға медицина, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, экология және IT-технологиялар салаларында жүзеге асырылған ғылыми жобалар таныстырылды.
Форумның пленарлы отырысының ашылуында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық ғалымдарды кәсіби мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Үкімет отырысында отандық ғылымды дамыту мәселелерін жан-жақты қарастырдық. Сондай-ақ түсте Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Президент дәл осы ғылымды дамыту бойынша мәселеге айрықша назар аударды, - деп айтты министр.
Аймағамбетов 10 жыл бойы шешілмеген мәселелер енді шешімін тауып жатқанын айтты.
«Жаңа Қазақстанды» құруда Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласын, адами капиталды бөлек қойып отыр. Сондықтан ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп, көптен бері қордаланып қалған мәселелер шешіліп отыр. Қазіргі халқымызға ғалымдардың санын шақсақ, 1991 жылғымен салыстырғанда бірнеше есе аз. Жасыратын түгі жоқ. Көбі санды емес, сапа туралы айтып жатады. Бірақ сапа – ол бөлек мәселе. Себебі сан болмаса, сапа да болмайды. Яғни елімізде ғалымдардың саны жеткіліксіз болса, қандай сапа туралы айтуға болады? – деп толықтырды БҒМ басшысы.
Ол атап өткендей, қазіргі күні ғалымдар Мемлекет басшысының қолдауының арқасында тиісті қаржы алып отыр.
Проблемаларды әлі де шешу керек. Оларды білеміз және жасырмаймыз. Ол проблемаларды ғалымдармен бірге шешуге дайынбыз, - дейді Білім басшысы.
Сонымен қатар форумның пленарлы отырысында Микробиология және вирусология институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Аманкелді Саданов еліміздегі ғылым саласының дамуы жайында сөз қозғады.
Мейрам құтты болсын! Біз үшін ғылымның өркендегенінен артық ештеңе жоқ. Абай атамыз айтқандай, «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Ғылым деген не? Яғни аяғына дейін еңбек етсең, ол халықты да, елді де, экономиканы да көтереді. Қазір ғылымға жағдай жасалып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Қазір елімізде шығарылған 12 препарат нарықта сатылып жаты, - деді ғалым форумда.
Форум-көрме аясында жобаны әзірлеушілер мен бизнес-кәсіпорындар арасында ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша келісімшарттарға қол қойылды.
Сонымен қатар пленарлы отырыс соңында үздік ғалымдар марапатталады.
10 ғалым «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар 2 ғалым Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталса, тағы 2 ғылым саласы қызметкері Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды.