Асхат Аймағамбетов: Балалардың кітап оқуға қызығушылығы артты

Оқу-ағарту министрі "Оқуға құштар" мектеп жобасының нәтижелі жұмыстарымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2020 жылы ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қосылды. Оның мақсаты – балаларды көркем әдебиет оқуға баулу.

Министрлік жобаны іске қосқанға дейін жүргізген талдау нәтижесі мектеп кітапханаларында, әсіресе қазақ тілінде заманауи көркем әдебиеттің жоқ екенін көрсетті. Осыған байланысты  әдебиеттің ең алдымен қазақ тілінде қолжетімді болуын және ғылыми фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларының басылымдар тізіміне енгізілуін басты назарда ұстадық деп жазады министр.

Мектептерді кітаппен қамтамасыз ету, кітапханашылардың жұмысын қайта қарау, жұмыс істеп тұрған мектеп кітапханалары мен коворкинг орталықтарын жөндеу және жаңадан ашу, сондай-ақ балалар арасында жарыстар өткізу, кітап оқуға 20 минут уақыт бөлу және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Екі жылдың ішінде мектеп кітапханаларына 4 млн-ға жуық әдебиет сатып алынды. Өкінішке қарай, жоба барлық өңірде бірдей сапалы жүзеге асырылып жатқан жоқ, бірақ біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз,-дейді ол.

Сондай-ақ министдің сөзінше мектептердегі демалыс орындарында ашық кітапханаларды дамыту басты назарда. Кесте бойынша жұмыс істеп, кілтке жабылатын дәстүрлі мектеп кітапханаларынан басқа, кітап оқуға, тіпті үй тапсырмасын орындағысы келетіндерге мүмкіндік, жағдай жасалмақ.

Қазірдің өзінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң әсерін көріп отырмыз. Сұраныстың арқасында ұсыныс пайда болып, ол нарықтың дамуына әсер етеді. Соңғы жылда мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттер саны күрт өсті. Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымына да әсер етіп отыр, биыл айтарлықтай өсім тіркелді.Тіпті оқырман ретінде қазақ тіліне жоғары сапалы аударылған бестселлерлерді жиі кездестіремін. Мысалы, қазақ тілінде оқыған кітаптарымыздың бірі – «Хәрри Поттер» мен «Ғажайыптың» аудармалары,-дейді министр.

Сапалы басылымдар мен қазақстандық авторлардың көбейіп келе жатқаны да қуантады. 

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балаларға кітапты дауыстап оқып беруге, оларды қолдап, кітап оқуға баулуға, оны сатып алып беруге, кітап көрмелеріне бірге баруға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы