Ашаршылықтың демографиялық салдарын әлі де тартып келеміз – тарихшы

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кеңес одағында жариялылық пен қайта құру басталған кезде, яғни өткен ғасырдың 80-ші жылдары бұрын тыйым салынған ашаршылық деректері айтыла бастады. 

Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң нәубет тақырыбы кеңірек қаузалып, жан-жақты зерттелді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы мәселе тасада қалып барады. 

20-шы ғасырдың басында қазақ жерінде болған ашаршылық – төл тарихымыздың қасіретті бір кезеңі. Осы қолдан жасалған зұлматты әсет жадымыздан шығаруға болмайды, нәубеттің толық зерделенбеген тұстары жетерлік. Әсіресе, қазақтың демографиялық шығынға, геноцидке ұшырауы – өте өзекті мәселе.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, тарихшы, демографиялық мәселелерді жіті зерттеп жүрген ғалым Гүлжан Сәрсембаеваның айтуынша, ашаршылықтың бастапқы толқыны 1919-22 жылдары өтті. Қазақ халқы осы кезде миллион адамға кеміді, қысқаша айтқанда ұлтымыз қойша қырылды. Бұл жылдары Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Орал губернияларының қазақтары қатты зардап шекті. Қазақтың саны аштық жайлай қоймаған Семей губерниясында ғана ұлғайыпты, десек те Шығыс аймақ аштықтан қашқан жұрттың үлкен нөпірін қабылдады. 

Ашаршылықтың екінші толқыны 1931-33 жылдары болды. 20-шы жылдардың соңында Кеңес өкіметі қазақ шаруаларын күшпен отырықшыландыра бастады. Сталиндік-голощекиндік саясат малшыдан диқаншы жасауға бағытталды. Атакәсіптен ажырау 30-шы жылдардың басында ашаршылыққа, салдарынан үдере шетелге көшуге әкеп соқтырды, – дейді тарихшы.

Қазақ даласындағы ашаршылықты «голощекиндік» деп атайды. Оның барысында қазақтың тіршілік көзі – малы тәркіленді. Қызыл әскер Қытайға бас сауғалаған халықты қарумен тоқтатып, жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. Дей тұрғанмен, қазақтың бір бөлігі көрші елге өтіп, аман қалды. 

30-шы жылдардағы ашаршылықта 1,8 миллион қазақ қырылды, бұл – этнос санының 47%-ы. Ең ауыр зардап шеккен – Шығыс Қазақстандағы қазақтар. Мұндағы ұлттың 64%-ы шығынға ұшырады. Бұл аймақта ел жаппай шекара асты. Солтүстік Қазақстанда ұлттың жартысынан астамы, Батыс Қазақстанда 45%-ы жойылып кетті, – дейді Гүлжан Сәрсембаева.

1939 жылы КСРО-да халық санағы жүрді. Ол бойынша Қазақстанда 6 миллион 151 мың адам болған, қазақтар халықтың 37,8%-ын, орыстар 40,0%-ын, өзге этностар 22,2%-ын құрапты. Яғни, ашаршылық кесірінен қазақтың абсолюттік саны да, үлесі де кеміген. Қазақстан халқы бірінші кезекте орыстың есебінен өсті, олар республикамызға көптеп көшіп келіп жатты. 

Салдарынан 1939 жылға қарай елімізде жарты ғасырға жуық жергілікті ұлт пен өзге этностар арасындағы үлестің қатынасын айқындаған жаңа этнодемографиялық жағдай қалыптасты. 

Сонымен күштеп ұжымдастыру және отырықшыландыру саясаты ашаршылыққа әкеп соқты. Демографиялық жағдай осы нәубеттің, үдере көшудің, індеттің, саяси қуғын-сүргіннің кесіренен мүлдем ушыға түсті.

20-шы және 30-шы жылдардағы ашаршылықтың қос толқыны қазақтың демографиялық өсіміне ауыр зардап тигізді. Бала туу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Айналдырған 10-15 жылда қазақтың саны екі есе кеміді. Атап өтерлігі, әлем тарихы мұндай геноцидті білмейді, – дейді ғалым.

Этносымыздың бұрынғы саны тек өткен ғасырдың 80-ші жылдары қалпына келді, сол кезде қазақтар республикадағы үлесін біршама көбейте алды. Осылайша қазақтардың қайтадан елдегі саны басым ұлт болуы үшін жарты ғасыр уақыт кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы