Ашаршылық тақырыбына қатысты арнайы ұсыныстар қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстелдің қатысушылары арнайы ұсыным қабылдады.
Жиын қатысушылары Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерттеу мәселесіне кеңінен тоқталды.
Сонымен бірге тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу мәселесіне көңіл бөлді. Білікті мамандар жүйелі ғылыми зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылыққа тарихи баға берілу қажеттігін атап өтті. Іс-шара барысында ғалымдар, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері бұл тақырыпты саясиландырмау мәселесіне, оның белгілі бір ұлтқа қарсы жасалған қастандық емес, сол кездегі саяси жүйенің қателігі екеніне және соның салдарынан мұндай нәубеттің басқа да елдерде болғанына назар аударды - деді қорытынды сөзде Сенат төреғасы Мәулен Әшімбаев.
Дөңгелек үстелге қатысушылар 1921-1922 және 1931-1933 жылдар аралығында болған Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын талқылай келіп және жоғарыда айтылғандарды ескеріп, мынадай ұсынымдарды қабылдады:
1. Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірге:
1.1. Еліміздің барлық архивтер және статистика мекемелерін жұмылдырып ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық құрбандарының нақты санын анықтау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар бойынша деректерді жүйелеп жинақтауды жүзеге асыру және осыған қатысты құжаттардың жинағын дайындауды тапсыруды (облыстар бөлінісінде).
Барлық архивтердегі материалдармен танысу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін архивтерге қажетті рұқсатнама алу мәселесін шешу және архивтердің құпия грифтерін алу туралы кешенді жұмыстар жүргізу бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуді;
1.2. Мемлекет деңгейінде ғалымдармен және тарихшылармен бірлесіп, аштық құрбандарының цифрлық деректер базасын жасақтауды.
2. Мәдениет және спорт министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірге:
2.1. Ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекет деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыру мүмкіндігін пысықтауды;
2.2. Қазақстанда орын алған ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы мәселені пысықтауды;
2.3. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында Қазақстанда орын алған ашаршылық қасіреті жайлы тарихи, ғылыми зерттеліп зерделенген деректер негізінде кітаптар, театрлық қойылымдар мен фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыруды.
3. Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп:
3.1. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда болған аштыққа қатысты ғалымдардың Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және басқа да мемлекеттер архивтеріндегі материалдарды зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды;
Ресейдің Мәскеу, Омбы, Орынбор, Новосібір, Свердлов, Уфа, Қазан, Барнаул, Түмен қалаларындағы мұрағаттарда ХХ ғасырдың басындағы аштыққа байланысты архив құжаттарына ізденіс жұмысын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды.
4. Білім және ғылым министрлігіне:
4.1. ХХ ғасырдың басындағы аштықтың салдарын анықтау, оның ішінде сол кезеңде қазақ даласында қанша жұт тіркелгенін нақтылау және аштықтан жан-жаққа, шетелге босып кеткендердің тағдырына қатысты деректерді зерделеу үшін ғылыми зерттеу бағдарламасын әзірлеп, оны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды;
4.2. Кеңес мемлекетінің Қиыр Шығысынан, Еділ бойынан, Кавказдан және т.б. өңірлерден сенімсіздік айыбы тағылып, қазақ даласына жер аударылған халықтардың көшірілу және қоныстану тарихын, яғни Қазақстан халқының қалай көп этносты сипат алғанын көрнекі түрде көрсететін «Қазақстан халқы» интерактивтік ғылыми-тарихи картасын ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық нәубетінің зардаптары туралы деректермен толықтыруды ұсынды.