Арыста мас күйде жүкті әйел мен 2 баласын қағып өлтірген мұғалімге қатысты үкім шықты
Мас күйінде жүкті әйел мен екі баланы қағып кеткен жүргізуші 9 жылға сотталды.
Түркістан облысында болған ауыр жол апаты бойынша сот үкімі жарияланды. Жаз айында Арыс қаласында мас күйінде рөлге отырған әйел орындықта отырған тұрғындарды басып кеткен болатын. Салдарынан жүкті әйел мен екі бала көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға маусым айының басында Арыс қаласында болды. Жеке үйдің алдындағы орындықта балалар мен әйелдер отырған сәтте кенеттен жол талғамайтын көлік жылдамдықпен келіп, қоршауды бұзып өтіп, адамдарды қағып кетті.
Сараптама қорытындысы көлікті басқарған 52 жастағы мұғалімнің мас күйде болғанын көрсетті. Апат салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: жүкті болған 30 жастағы балабақша тәрбиешісі, оның 2 жасар ұлы және көршінің 5 жастағы қызы.
Сотталушы Бибинұр Ізбасарова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марат Куздеубаев.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді. Ол кәмелетке толмаған мүгедек қызды тәрбиелеп отырғанын алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұраған. Сот бұл мән-жайды ескере отырып, жазаның орындалуын 1 жылға кейінге шегерді.
Алайда жақындарынан айырылған отбасылар бұл шешіммен мүлде келіспейді. Олар үкімді тым жұмсақ деп санап, сотталушыны барынша қатаң жазалауды талап етуде.
Бұл жол апатынан тағы бірнеше адам әртүрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арыздарын ішінара қанағаттандырды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енбегендіктен, тараптар шағым түсіре алады.
Еске салсақ, Түркістан облысының Арыс қаласында автокөлік жүргізушісі бір топ адамды қағып кетіп, кейін оқиға орнынан кетіп қалған еді.
Кейіннен Арыста бір отбасы мүшелерін қағып кеткен жүргізуші дер кезінде қамауға алынды.