Арқалықта 7 мың тонна саз балшықты заңсыз өндіргендердің ісі тергеліп жатыр
ҚМА әлеуметтік желілерде А.С. Нургазинді қолдауға бағытталған жазбаларды заңсыз әрекетті ақтау деп бағалады. "ОГНЕУПОРСНАБ" ЖШС-нің 7 мың тонна саз балшықты заңсыз өндіргені бойынша тергеу жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) әлеуметтік желілерде А.С. Нургазинді қолдауға бағытталған жазбаларды заңсыз әрекеттерді ақтау ретінде бағалады.
Ведомствоның мәліметінше, Қостанай облысы бойынша ҚМА департаменті "ОГНЕУПОРСНАБ" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде техногендік минералдық түзілімдерді жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Компания бір жыл бойы Арқалық кен орнынан 7 мың тоннадан астам отқа төзімді саз балшықты заңсыз өндіріп, сатып келгені анықталды, - делінген хабарламада.
ҚМА атап өткендей, техногендік минералдық түзілімдерді өз бетінше өндіру азаматтық-құқықтық дау емес. Бұл – Қазақстан халқына тиесілі табиғи ресурстарды ұрлау, мемлекетке экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан зиян келтіретін қылмыстық әрекет.
ЖШС директоры адвокаттың қатысуымен жауап алынған. Оның құқықтары толық сақталып, ешқандай мәжбүрлеу шаралары қолданылмаған. Тергеу жалғасып жатыр.
Агенттік ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге деректер жариялауға жатпайтынын хабарлады. Сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарату ресми тергеуге кедергі келтіру болып табылатынын еске салды.