23 Қазан 2026, 11:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Армияның беделін тек патриоттық ұранмен көтеру мүмкін емес – Айбар Олжай

Армияны жаңарту қару-жарақ сатып алу немесе әскери бөлімдердің санын көбейтумен шектелмеуі керек. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, әскери жүйені реформалауда технологиялық жаңғыру, сарбаздарды сапалы даярлау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатар жүруі қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономист Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырған жоспарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе, заманауи ұрыс тәсілдері мен отандық мамандардың ұсыныстары ескерілген құжат тұтас әскери жүйенің жұмысын өзгертуге бағытталған.

Мәселе армияны қаруландыру немесе әскери бөлімдердің санын көбейтумен ғана шектелмейді. Әңгіме тұтас әскери жүйенің философиясын өзгерту туралы болып отыр. Әскери жүйені реформалау тек қорғаныс саласының ішкі мәселесі ретінде емес, мемлекеттік басқару, технологиялық жаңғыру және адам қауіпсіздігі тұрғысынан жасалды, – дейді Айбар Олжай.

Технологияға басымдық беріледі

Сарапшы жоспардағы негізгі бағыттардың бірі ретінде әскердің технологиялық тұрғыдан жаңаруын атады. Соның ішінде ұшқышсыз жүйелер күштерін құру қарастырылған.

Ол қазіргі соғыстар дрондардың, цифрлық барлаудың және технологияны тиімді басқарудың маңызын көрсеткенін айтады. Сондықтан армияның әлеуетін жеке құрам мен әскери техника саны арқылы ғана бағалау жеткіліксіз.

Бұрын армияның қуаты көбіне танк, артиллерия және жеке құрам санымен өлшенсе, бүгін шешуші факторлардың бірі – технология мен оны тиімді басқару қабілеті. Демек, Қазақстан да әскери әлеуетті бағалаудың жаңа өлшемдеріне көшуді көздеп отыр, – дейді экономист.

Алты ай оқу, алты ай тәжірибе

Жоспарда мерзімді әскери қызметтің мазмұнын өзгерту де көзделген. Жаңа модель бойынша сарбаз алғашқы алты айда арнайы оқу орталығында дайындықтан өтіп, келесі алты айда әскери бөлімде алған білімін іс жүзінде қолданады.

Айбар Олжай мұндай тәсіл жас азаматтың әскери қызметке жүйелі дайындықпен кірісуіне мүмкіндік береді деп есептейді.

Әскери қызметтің негізгі мақсаты сарбаздың уақытын өткізу емес, оны нақты әскери дағдыларға үйрету болуы тиіс. Осы жүйе дұрыс іске асса, бір жылдың ішінде әлдеқайда сапалы дайындалған әскери резерв қалыптастыруға мүмкіндік туады», – дейді ол.

Сарбаз қауіпсіздігі – басты мәселе

Экономист реформаның ең маңызды тұсы сарбаздың қауіпсіздігіне мән берілуі екенін атап өтті. Оның пікірінше, әскердегі жарғыдан тыс қарым-қатынастар, тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты мәселелер шешілмейінше, қоғамның сенімін нығайту қиын.

Әскердегі жарғыдан тыс қарым-қатынастар, тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері қоғамды көптен бері алаңдатып келеді. Мұндай жағдайда армияның беделін тек патриоттық ұрандармен көтеру мүмкін емес, – дейді Айбар Олжай.

Осы тұрғыда ол жоспарда қарастырылған Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл және әскери консультанттар институттарын құру бастамаларына тоқталды. Сарапшы олардың нәтижелі жұмыс істеуі нақты өкілеттік пен тәуелсіз бақылау тетіктеріне байланысты екенін айтты.

Ұлттық қауіпсіздік және қоғам сенімі

Айбар Олжай ұлттық қауіпсіздік мәселесін қару-жарақ пен әскери техника аясында ғана қарастыруға болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл сала мемлекеттік институттардың тиімділігімен, қоғам сенімімен, жастар тәрбиесімен және адам капиталымен тығыз байланысты.

Осы орайда экономист Аида Балаеваның ақпараттық саясат, мәдениет және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы тәжірибесіне назар аударды. Ол «Жас айбын» жүйесін дамыту мен әскери білім беруді жетілдіруге басымдық берілуін де әскери реформаға кешенді көзқарастың көрінісі деп бағалады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда  әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізілетінін хабарлаған едік.