«Арандатушылық пиғылдардың жүзеге асу ықтималдығы бар»: Жапаров Қырғызстан халқына үндеу жасады
Садыр Жапаров Қырғызстанда ұлтаралық қақтығыс туындауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров республикадағы саясаткерлер қырғыздар мен өзбектерді бір-біріне қалай айдап салу жолдарын талқылап жатқанын мәлімдеді. Ол азаматтарды арандатушылыққа ермеуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ оның Facebook парақшасындағы үндеуіне сілтеме жасап.
Садыр Жапаров бұл ақпаратты бірнеше дереккөзден алғанын айтты. Оның сөзінше, жекелеген саясаткерлер президент сайлауы алдында ұлтаралық қақтығысты қалай тудыруға болатынын талқылауда. Ол бұл үшін адамдардың ұлттық сезіміне тиетін жалған қауесеттер пайдаланылуы мүмкін екенін болжады. Президент нақты саясаткерлердің есімін атамады және үндеуінде ешқандай дәлел келтірмеді.
«Жақында бірқатар көздерден маған ақпарат келіп түсті. Жаман ниетті, "қойнына тас тыққан" қара ниетті саясаткерлер сайлау алдында елдің оңтүстігінде өзбектер мен қырғыздар арасында ұлтаралық қақтығыс тудыру жоспарларын талқылап жатыр. Мұның мақсаты – тәртіпсіздік ұйымдастырып, дауыс беру процесін бұзу. Әзірге олар бұл туралы тек айтып қана жүр. Алайда бұл арандатушылық жоспарлардың жүзеге асу ықтималдығы да жоқ емес. Мәселе мынада: өзбектер мен қырғыздар арасында жанжал шығару үшін адамдардың сезімімен ойнап, ұлттық намысына тиетін түрлі жалған қауесеттерді таратудың өзі түкке тұрмайтын жерден қақтығыс тудыруға жеткілікті», – деп жазды Жапаров.
Жапаров 1990 және 2010 жылдары болған, салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан ұлтаралық қақтығыстарды еске салды. Ол аға буын өкілдерінен жастарға мұндай жанжалдардың зардабын түсіндіруді сұрады.
«Біз мұндай жағдайды екі рет – 1990 және 2010 жылдары бастан өткердік. Осы екі қақтығыстың салдарынан өзбектер де, қырғыздар да көптеген бейбіт тұрғындар қаза тапты. Сол жанжалдарды ұйымдастырушылардың жақындарының өзі ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Олар адамдарды бір-біріне айдап салып, өзара дұшпандыққа итермелейді де, өздері шеткері тұрып, болып жатқан жағдайды бақылап отырады. Оларға тек билік қана керек. Нәтижесінде әрқашан қарапайым халық алданып, зардап шегеді. Оның үстіне, осы оқиғалардың салдарынан қарапайым отбасылардың балалары өмір бойына бас бостандығынан айырылып, түрмеге кетті», - деді Қырғызстан президенті.
Президент азаматтарды арандатушылық үндеулерге бой алдырмауға шақырды. Ал мұндай мәлімдемелер мен әрекеттер туралы ҰҚМК (ГКНБ), ІІМ немесе жергілікті билік органдарына хабарлауды өтінді.
«Сондықтан, құрметті отандастар, әрқайсыңызға үндеу жасаймын: өзбексіз бе, әлде қырғызсыз ба, ешқандай арандатушылық мәлімдемелерге бой алдырмаңыздар және өздеріңізді қақтығысқа сүйреуге жол бермеңіздер. Ашкөз мақсатты көздегендердің арандатушылық үндеулеріне ермеңіздер. Әсіресе, осы екі қақтығысты да бастан өткерген өзбек және қырғыз ақсақалдары мен аға буын өкілдеріне үндеу жасаймын. Сол оқиғаларды көрмеген, қазіргі отты жалын мен қызуы басылмаған 20-25 жастағы жастарға ұлтаралық қақтығыстардың салдары қаншалықты қайғылы болатынын ескертіңіздер. Ұлтаралық қақтығыстың не екенін білмейтіn жастардың тек билікті аңсаған таза емес ниетті арандатушылардың қолындағы марионеткаға айналуына жол бермеңіздер. Мен мұны қорқыныштан айтып тұрған жоқпын. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ескертемін», - деді Садыр Жапаров.
Сонымен қатар Жапаров бұл болжамды жоспарларды «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолының құрылысына қарсы шығушылармен байланыстырды. Оның пікірінше, Қытай тақырыбы төңірегінде жақтастар жинау әрекеттері сәтсіз аяқталғаннан кейін, олар екі халықты өзара қақтығыстыруға тырысуы мүмкін.
«Адамдар Қытай тақырыбы төңірегіндегі арандатушылықтарға ермеген соң, олар екі бауырлас халықты – өзбектер мен қырғыздарды бөліп, бір-біріне айдап салу жоспарын ойластыра бастады. Біздің арамызда Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысының аяқталуынан қатты қорқатындар да бар. Олардың арандатушылықтарына ешбір жағдайда ермеңіздер! Бұлар – көрегендігі жоқ, ой-өрісі шектеулі және ниеті төмен адамдар. Алла қаласа, аталған теміржол құрылысы аяқталғаннан кейін Қырғызстанның алдында жүздеген жылдарға созылатын кең перспективалар мен бақытты болашақ ашылады. Ал «қойнына тас тыққан» (іші қара), жаман ниетті және арандатушылықпен айналысатын арсыз саясаткерлерге еске салғым келеді: «Әрекеттеріңіз назардан тыс қалады деп ойламаңыздар!», - деп ескертті Қырғызстан басшысы.
Оның айтуынша, мұндай істер қазіргі технология заманында 40 минутта-ақ ашылып қояды.
«Бұрын жаман іс 40 жылда білінсе, бүгін 40 минутта ашылады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері – өз ісінің кәсіби мамандары және патриоттар. Олар арандатушылық әрекеттердің салдарын жақсы түсінеді. Сонымен қатар, оларда кең техникалық мүмкіндіктер бар. Бүкіл ел бойынша ондаған мың бейнекамера жұмыс істейді. Бүгін біз қауіпсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Және бұдан былай да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тыныштығын сақтау мақсатында адамдардың арасына іріткі салатындарға қатысты қатаң шаралар қабылдайтын боламыз. Ал тиісті органдар сіздерді жауапқа тартып жатқанда, темір тордың артында отырып: «Мен тап-тазамын, мені тек саяси себептермен ұстады, мені әділетсіз соттап жатыр» деп айқайламаңыздар. Кеш болмай тұрып, естеріңізді жиып, заңға қайшы әрекеттеріңізді тоқтатыңыздар! Қырғызстанға және бүкіл Қырғызстан халқына тек бейбітшілік пен тұрақтылық қажет! Халық 30 жыл бойы хаостан шыға алмай, ақыры батпаққа батып кеткенін әлі ұмытқан жоқ. Тек қазір ғана біз сол батпақтан шығып, сенімді түрде алға ұмтыла бастадық. Кедергі жасамаңыздар! Саналарыңызды өзгертіңіздер!», - деді Садыр Жапаров.
Айта кетейік, Қырғызстандағы президент сайлауы 2027 жылдың 27 қаңтарына белгіленген. Жапаровтың өзі тамыз айында сайлауға түсуге ниетті екенін хабарлаған болатын.