28 Қазан 2026, 17:57 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Әр адам жұмыстан үйіне аман оралуы керек»: Жолдаудағы әлеуметтік бастамаларға кәсіподақ өкілі пікір білдірді

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген әлеуметтік бастамаларға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, құрылыс саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті де арттыруы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Төлеген Күнәділовтің пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы елдің алдағы даму бағдарларын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және әлеуметтік саясаттың тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Кәсіподақ қозғалысының өкілі ретінде ол еңбек адамдарының мүддесіне қатысты бастамаларға ерекше назар аударды. Соның бірі – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі шешім. Оның сөзінше, бұл қадам азаматтардың табысын арттыру мәселесін күн тәртібіне шығарады.

Сонымен қатар Төлеген Күнәділов «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызын атап өтті. Оның пікірінше, мектептер мен медициналық нысандар салу, жолдар мен инженерлік желілерді дамыту, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға және отандық кәсіпкерлікті дамытуға да ықпал етеді.

Кәсіподақ өкілі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту тек жалақыны көтерумен шектелмеуі керектігін айтты. Оның пікірінше, еңбекке лайықты ақы төлеу, қауіпсіз жұмыс жағдайын қалыптастыру және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту қатар жүруі қажет.

Осы мәселеге байланысты Төлеген Күнәділов Қазақстан Халық Кеңесі комиссиясының отырыстарының бірінде құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын жетілдіруге бағытталған ұсыныс жасаған.

Ұсыныс әсіресе бір нысанда бас мердігер мен бірнеше қосалқы мердігер ұйым қатар жұмыс істейтін жағдайларда олардың өзара іс-қимылы мен жауапкершілігін нақтылауға қатысты. Басты мақсат – қауіпсіздік шараларын үйлестіруді күшейту, әр қатысушының міндетін айқындау және өндірістік тәуекелдердің алдын алу.

Құрылыс көлемі мен қарқыны артқан сайын, еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілік те қатар күшеюі қажет, - деп есептейді ол.

Кәсіподақ өкілінің пайымынша, ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыру барысында жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы негізгі басымдықтардың бірі болуы керек. Өйткені өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы тек жұмыс берушінің ғана емес, құрылысқа қатысатын барлық ұйымның ортақ жауапкершілігіне айналуға тиіс.

Төлеген Күнәділов қоғамдық диалогтың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, мемлекет стратегиялық мақсаттарды белгілесе, қоғамдық институттар сол мақсаттардың азаматтардың күнделікті өмірімен ұштасуына, халықтың талап-тілегін жеткізуге және нақты шешімдер ұсынуға атсалысады.

Әрбір адам таңертең жұмысқа кеткенде, кешке өз отбасына аман-есен оралуы керек, - дейді ол.

Кәсіподақ өкілінің пайымынша, «Халықтық құрылыс» бастамасының нәтижесін тек салынған нысандардың санымен немесе игерілген қаражат көлемімен өлшеуге болмайды. Оның әлеуметтік тиімділігі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігімен және құрылыс саласындағы еңбек жағдайларының жақсаруымен де бағалануы қажет.

«Халықтық құрылыс» – ел болашағына салынған инвестиция. Ал сол болашақтың ең басты құндылығы - адам, оның еңбегі, денсаулығы мен қауіпсіздігі, - деп түйіндеді Төлеген Күнәділов.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жодауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Президент бұл тапсырма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуы керегін айтты. 

Тағы оқи отырыңыз: Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту 

85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін: Депутат ең төменгі жалақыға қатысты пікір білдірді