Ақтөбеліктер: Боран басылды, бірақ әлі сусыз отырмыз
Екі күн бойы облыс аумағында болған боран мен қатты желден Ақтөбе қаласы мен бірқатар аудандарда тұрғын үйлер жарықсыз және сусыз қалды. Ауа райы жақсарса да қазір облыс орталығында әлі күнге дейін сусыз отырғандар бар. Сондай-ақ қазір ұзын жолда қалып, кемпингтер мен мектеп базасында тұрып жатқандар саны жетерлік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Көшеден қар тасыған тұрғындар
Бүгін Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік Батыс тұрғын алабы мен Батыс-2 шағын ауданындағы «Абырой» тұрғын үй кешені тұрғындарының сусыз отырғанына үшінші күн.
«Абырой» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Гүлдана Сапарғалиқызының айтуынша, қатты соққан жел мен бораннан осы аудандағы бірнеше үй жарықсыз және ауызсусыз қалған. Дегенмен бір тәуліктен соң электр желілері қалпына келтіріліп, жөнделген. Ал ауызсу құбырлары әлі жөнделмеген.
Осыған дейін біз әлеуметтік желілерге ауызсусыз қалғанымызды, күнделікті беті-қол, ыдыс жууға көшеден қар тасып отырғанымызды түсіріп салғанбыз. Көршілеріміздің арасында тіпті ауызсу алу үшін қала жағалап кеткендері бар. Міне, боран мен желдің басылғанына екі күн болды, біз болсақ әлі ауызсусыз отырмыз. Көп қабатты үйде сусыз әжетхананы күтіп-ұстау өте қиын. Біздің осы шағымызды жауапты органдар естісе екен дейміз, — дейді қала тұрғыны.
Ал Батыс-2 шағын ауданының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жақын тұратын тұрғыны Елеусіз Мұқан бұрын қалада мұндай олқылықтар болмағанын айтады.
Облыста бұрын да осындай қатты жел, боран соғып, қалың қар жауған сәттер болды. Алайда биылғыдай бірнеше күн бойы жарықсыз, сусыз қалған күніміз болған жоқ. Біз қаланың шеткі аумағында тұрамыз. Жан-жағымызда тұрғын үйлер аз. Кешегі қатты жел болған екі күнде суды дүкеннен тасып іштік. Не болса да, сабыр сақтап, бала-шағаға бас болып отырдық. Дегенмен қазіргідей дамыған заманда бірнеше тәулік бойы жарықсыз, сусыз отыру жақсы нәрсе емес. Биыл қаламызда жылу мен ауызсудың тарифі өсті. Жауапты мекемелер коммуналдық қызметтердің ақысын көтеріп жатқандығын инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарымен байланыстырады. Алайда бір күн боран соққанда осындай күй кешсек, сонда халықтың төлеп жатқан қаржысы қайда кетіп жатыр? — дейді ол.
Елеусіз Мұқан бұрын өндіріс саласында жұмыс жасаған. Қазір үйде отыр. Келер жылы зейнеткерлікке шығады. Оның айтуынша, 30 жыл зауытта еңбек еткенде облыс орталығында мұндай олқылықтар болмаған.
Біз жұмыс жасаған кезеңде мекемелердің басшысы жұмысшылардың, тұрғындардың жылусыз, сусыз, жарықсыз отыруына жол бермейтін. Білмеймін, бұрынғы басшыларда жауапкершілік жоғары болды ма, әлде жұмысшылар өз қызметін адал атқарды ма, әйтеуір қалада тұрып сусыз қалған ешкімді көргенім жоқ. Қазір бір жерде авариялық жағдай болса, тегіс сол аудан сусыз, жылусыз қалады. Меніңше, мұндай олқылықтардың барлығының алдын алу маңызды. Сонда ғана халық зардап шекпейді, — дейді қала тұрғыны.
Ал «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының бас инженері Амангелді Боранқұловтың айтуынша, қазір қала бойынша тұрғын үйлерді сумен қамту үшін
қайта қалпына келтіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Бүгінде қала аумағында су тарататын барлық насостар үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Қаламызда жарықтың сөнуі мен кей жерлерде қатты желдің салдарынан желілердің дұрыс жұмыс жасамай, ауызсудың берілмегені рас. Дегенмен қазір мамандар өз жұмысын атқарып жатыр. Екі күн бойы қала бойынша біраз кемшілік жойылды. Кеше қала бойынша көпқабатты 35 үйде су болмады. Бүгін оларға су берілді. Сондай-ақ жер үйлер мен бау-бақшалар да ауызсумен қамтылды, — дейді ол.
Бас инженердің айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласында тұрғын үйлерді сумен қамтып отырған үш су тоғаны болса, ауа райының қолайсыздығына байланысты оның екеуіжұмыс істемей қалған. Оған себеп — жарық сөніп, насостар жұмыс істемей, су беру жұмыстарында қиындықтар орын алған.
Бір қызығы, бас инженер бүгінде қала аумағындағы қанша ауыл мен тұрғын алабының сусыз отырғанын білмейді.Оның айтуынша, мекеме басшылығы мұндай жағдайда мониторинг жұмыстарын жүргізбейді екен.
Мұқтаждың мұңы
Бүгінде Ақтөбе қаласының шеткі аудандарында орналасқан бау-бақша ұжымдарында тұратын тұрғындар көп. Олардың кейбірі, тіпті, газ құбырын тартпаған. Мәселен, «Тополек» аталатын бау-бақша ұжымында тұратын Руслан Бердіәлиннің отбасы әлі күнге дейін үйіне көгілдір отын кіргізбеген. Оның газ құбырын тартуға қаржысы жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын шалғай ауылдан қалаға көшіп келген ол үйін ағаш пен көмір жағып жылытып отырғанын айтады.
Қазір Орталық базарда арба сүйреп, ақша табамын. Күніне 5-6 мың теңге табыс тауып жүрмін. Күн сайын үйге осы жерден қағаз-картон, ағаш алып қайтамын. Былтыр үйімнің іргетасын құйып қойдым. Қазір отбасыммен екі бөлмелі сарайда тұрып жатырмыз. Үйімізде жарық бар, ал газ бен ауызсу кіргізуге қаржым болмады. Суды көрші үйден тасып ішіп отырмын. Ал газ құбырын тартуға көп ақша керек. Арба сүйретіп тапқан нәпақам тамақ пен киімімізден ауыспайды. Біз сияқты жағдайы төмен жандарға ешқандай көмек болмай тұр, — дейді Руслан.
Қатты желдің салдарынан қаланың көп бөлігі жарықсыз, сусыз қалған кезеңде Руслан үйінде майшаммен отырыпты. Салқын үйде өзі қалып, әйелі мен балаларын туыстарына жіберген. Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған ол алдағы уақытта өз баспанасына кіріп, қоныс тойын тойлағанды армандайды.
Жолдар ашылып жатыр
Қала аумағында жарықсыз, сусыз қалған халықтың «мұңы»бір басқа, республикалық және облыстың маңызы бар жолдарда көлігі қардан шыға алмай қалған жолаушылардың «жыры» — бөлек әңгіме.
Ақтөбе облысы әкімдігінің берген деректеріне сүйенсек, бүгін түске дейін Самара-Шымкент тасжолының Хромтау ауданы аумағындағы бөлігі ашылған. Қазіргі таңда мұнда тұрып қалған жеңіл автокөліктер қиындықсыз жолға шығып жатыр. Ал ауыр жүк көліктеріне рұқсат берілмеген. Қазір бұл маңдағы жолда 2700-ге жуық жүк көлік тұр.
Айта кету керек, Кеше Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бастаған топ Хромтау ауданына барып, жолда тұрып қалған жолаушылар мен жүргізушілермен тілдескен болатын. Облыс басшысы жолда қиындықтарға ұшыраған азаматтарға барлық жағдай жасалатынын жеткізген-ді.
Бүгін облыс аумағында ауа райының жақсаруына байланысты Ақтөбе-Орск (Шәмші Қалдаяқов ауылынан Ресей шекарасына дейінгі) тасжолынан басқа барлық автожол ашылды. Жолдың бұл учаскесі жүк және қоғамдық көліктер үшін жабық. Ал Хромтау ауданынан Самара-Шымкент автожолымен Ақтөбе қаласына келе жатқан350-ге жуық жеңіл көлік пен жанар-жағар май, азық-түлік тасымалдайтын көліктер полиция қызметкерлерініңсүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыруымен жолға шықты, — дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Департамент мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта автожол қызметтері Ақтөбе қаласынан Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылына дейінгі жолдарға тазарту жұмыстарынжүргізіп жатыр. Алайда жолдарды тазалау кезінде жол жиегінде тұрған жүк көліктерінің көптігі қиындық тудыруда.
136 адамды қар құрсауынан құтқарды
Соңғы үш күнде дәл осы жолдарда қалған жолаушыларды құтқару жұмыстарында облыстағы құтқарушылар мен медицина саласының мамандары көп еңбек етті. Бүгін олардың бірқатарын облыс әкімі марапаттаса, бірқатары халықтың зор алғысына бөленді. Сондай көптің алғысын алған құтқарушылардың бірі — Хромтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Арман Алмағамбетов.
Оның айтуынша, соңғы үш күнде аталған бөлімнің құтқарушылары жолда қалған 136 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге орналастырған. Сондай-ақ Хромтау ауданы аумағында жолға қалған жалпы саны 292 адамды эвакуациялаған.
Соңғы үш күнде облыс аумағында болған боран мен қатты желдің салдарынан көптеген автокөлік жолда қалып қойды. Біз ауа райының бұзылғанына, қатты боран соққанына қарамастан, Хромтау қаласынан 6 шақырым қашықтықта жол жиегінен шығып кеткен автокөлік жолаушыларын құтқаруға бардық. Жолда алма-кезек бөлім құтқарушылары көлігіміздің алдына шығып, жол көрсетіп отырды. Осылайша 6 шақырым жол жүріп, 4 жолаушыны құтқарып қалдық. Оларды қауіпсіз жерге көшіріп, «Нұрай» кемпингіне орналастырдық. Шынын айтқанда, біз 7 ақпан күні жолға шыққанда ақтүтек бораннан ештеңе көрінбеді. Тіпті, өз бағытымыздан да жаңылып қалған сәттер болды, — дейді бөлім бастығы.
Оның айтуынша, дәл осы күні хромтаулық құтқарушылар Хромтау-Бадамша тасжолы бойында қалған үш автокөлікті құтқаруға да барған. Олар 7 ақпан күні түнде жолға шығып, ақтүтек боранның салдарынан 29 шақырым жерге 6 сағат жүріп жеткен.
Біз жолаушылар хабарлаған жерге таңғы 6.00-де жеттік. Ол жерден жалпы саны 7 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге көшірдік. Олардың арасында Тәжікстан, Ресей және Қазақстан азаматтары бар. Ал бүгін бір топ құтқарушы Хромтау ауданына қарасты бір шаруа қожалығының малшысын іздеп, тауып, үйіне жеткізді. Менің жұмыс тәжірибемде, бұрын-соңғы мұндай қатты боран болған емес. Соңғы 2-3 күнде хромтаулықтар қатты соққан жел мен бораннан үйлерінен шыға алмай қалды. Қалай десек те, біз өз қызметімізді адал орындадық. Себебі біз үшін ең бастысы — жолаушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан бөлімдегі құтқарушы жігіттердің барлығы бұл қиындықты жеңіп, жұртшылықтың ризашылығын алып жатыр, — дейді Арман Алмағамбетов.
Айта кету керек, ауа райының қолайсыздығына байланысты ауданда болған төтенше жағдай кезінде Арман Алмағамбетов басқаратын бөлімнің 25 құтқарушысы мен 4 техникасы құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. Қазір олар жүк көліктерін жолға шығару жұмыстарына атсалысып жатыр.