9 Қыркүйек 2026, 15:19 Фото: istockphoto.com

Ақтөбелік әйелдің TikTok-тағы видеосы дауға қалды: Сот шешімі шықты

Полиция әлеуметтік желіден өрескел бейнежазба анықтаған. Тексеру барысында видео авторының әрекетінен бірнеше құқықбұзушылық белгісі табылған.

Полиция TikTok әлеуметтік желісінде қоғамдық мораль мен мінез-құлық нормаларын өрескел бұзатын бейнежазбаны анықтады.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында аталған бейнежазбаның авторы Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны Мөлдір Әуезова екені анықталды.

Полиция қызметкерлері жинақталған материалдар негізінде оның әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериалда балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағанын, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесіне қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағанын анықтады.

Аталған факті бойынша Мөлдір Әуезова әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция әлеуметтік желілердің де жалпыға қолжетімді қоғамдық кеңістік екенін еске салады. Сондықтан әлеуметтік желі қолданушыларының әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары қолданылады.

Балағат сөздері үшін бірнеше рет жауапқа тартылған әйел психикалық орталыққа жатқызылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда әлеуметтік желідегі зиянды контентке бақылау күшейтіледі. Жұрт назарын аударуға ұмтылу заңды немесе өзге адамдардың құқықтарын бұзатын әрекеттерге ақтау бола алмайды.

Тағы оқи отырыңыз: Әлеуметтік желіде не жазуға болмайды? ІІМ жауапкершілікке әкелетін әрекеттерді атады