Ақтөбелік әйел TikTok-тағы әрекеті үшін қамалды
Полиция оның тікелей эфирін бақылау кезінде құқық бұзушылықты анықтаған. Сот шешімімен әйел әкімшілік қамауға алынды.
Ақтөбе облысы полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында әйел адам балағат сөздер айтып, қорлайтын ым-ишаралар көрсеткен.
Құқық бұзушының Ақтөбе қаласының 26 жастағы тұрғыны Нагиева Береке екені анықталды.
Сот шешімімен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция әлеуметтік желілердің қоғамдық кеңістік болып саналатынын еске салады. Жарияланған контент пайдаланушыларды құқыққа қайшы әрекеттері мен сөздері үшін жауапкершіліктен босатпайды. Балағат сөздер, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, - деп ескертті облыстық Полиция департаменті.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын қоғамдық әдеп пен қарым-қатынас мәдениетін сақтауға, азаматтарды қорлайтын және арандатушылық сипаттағы пікірлер айтудан аулақ болуға шақырады. Өз пікірін еркін білдіру өзге азаматтардың құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастырып, цифрлық ортада жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Еске салсақ, бұған дейін де лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандық жауапқа тартылған болатын. Балағат, төбелес, жалған ұрлау көрінісі және хайп үшін түсірілген эфирлер назардан тыс қалмады. ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін айтты.
Сондай-ақ, Семейде TikTok-та тікелей эфир жүргізген бойжеткен қамауға алынды. Ол заңға қайшы тікелей эфир өткізген.
Тіпті тікелей эфирде балағат сөз айтқаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылса да, ескертулерге қарамастан әрекетін тоқтатпаған әйел психикалық орталыққа жатқызылды.