Ақтөбедегі жол апаты: Қанат Бозымбаев Үкіметтік комиссияға тапсырма берді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы маңында болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелеріне тапсырмалар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі жағдай туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндады.

Алты адам Ақтөбе облысы Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адамның жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа. Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиация арқылы тасымалдауға болатын барлық зардап шеккендерді Астанаға жеткізіп, қажетті ем ұйымдастыруды тапсырды, – делінген хабарламада.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Ақтөбе облысының әкіміне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

Жол-көлік оқиғасының себептерін жан-жақты тергеумен Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы айналысуда, қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне вице-премьер "Самара – Шымкент" трассасының қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 23 қазанда Самара – Шымкент тас жолының Белқопа ауылы маңында болған. DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған «ГАЗель» көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапқан.

Сондай-ақ, 12 адам қаза тапқан жол апатын тергеу үшін ІІМ Ақтөбе облысына арнайы топ жіберді. Жол апатының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Қаза тапқандардың арасында 2 бала бар екені нақтыланды.

Өңір басшысы Асхат Шахаров зардап шеккендердің жағдайын білу үшін ауруханаға барғанын да жаздық. Ол қайғылы жол апатына байланысты жағдайды өз бақылауына алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы