Ақтөбедегі жол апаты: Өңір басшысы зардап шеккендердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды
Өңір басшысы Асхат Шахаров Самара – Шымкент трассасындағы қайғылы жол апатына байланысты жағдайды өз бақылауына алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауруханада қазір алты адам ем қабылдап жатыр, олардың ішінде он алты жастағы жасөспірім де бар.
Төрт науқас жансақтау бөлімінде шоктың қарқынды терапиясын алуда, тағы екеуі жалпы бөлімде жатыр. Қажетті медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан екі дәрігерлік бригада — ересектер мен балалар дәрігерлері келді. Олардың құрамында реаниматологтар, травматологтар, хирургтар және нейрохирургтар бар. Науқастардың жағдайы мен өмірлік көрсеткіштеріне сәйкес хирургиялық операциялар жасалды. Дәрі-дәрмек пен қан компоненттері толық көлемде қамтамасыз етілген, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін тасымалдаудан бас тартқан зардап шеккендердің бірі дәрігерлердің ұсынысынан кейін ауруханаға жатқызылды.
Асхат Шахаров жарақат алғандардың бірімен жеке сөйлесіп, оның және басқа да науқастардың тез сауығып кетулерін тіледі.
Еске салайық, қайғылы оқиға 23 қазанда Самара – Шымкент тас жолының Белқопа ауылы маңында болған. DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған «ГАЗель» көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапқан.
Сондай-ақ, 12 адам қаза тапқан жол апатын тергеу үшін ІІМ Ақтөбе облысына арнайы топ жіберді. Жол апатының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Қаза тапқандардың арасында 2 бала бар екені нақтыланды.