Ақтөбедегі жол апаты. Білім бөлімі, полиция басқармасы хабардар болған ба?
Оқушылар қаза тапқан жол-көлік оқиғасына байланысты жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі «Самара-Шымкент» автожолында орын алған жол-көлік оқиғасының мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жетекшілік етеді. Қазіргі уақытта құрылған топ оқиға орнына шұғыл түрде жетті.
Еске салайық, 7 тамыз күні жылы «Самара-Шымкент» (Хромтау ауданының аумағы) халықаралық маңызы бар автожолының 862 шақырымында шамамен сағат 10:10-да «Тойота Ипсун» мен «МАН» жүк көлігі соқтығысып, жол апаты болған еді.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Тойота Ипсун» автокөлігінің жүргізушісі және оның 7 жолаушысы оқиға орнында қаза болды, оның ішінде бесеуі - бала.
Алдын ала мәліметтер бойынша, балалар мен ата-аналар футболдан жарысқа басқа облысқа баруды жоспарлаған. Бұл ретте, аталған іс-шараны өткізуде және сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдарға (білім бөлімі, білім және полиция басқармасы) хабарланбаған. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, жол көлік оқиғасы себептері анықталып жатыр, - делінген хабарламада.
Жол апатына қатысты облыс әкімі Асхат Шахаров өңірде орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіріп, жағдай жеке бақылауында екенін айтқан болатын.