Ақтөбеде түлектер түнде коттедж жалдап, көлік тізгіндеген
Полиция бітіру кешінен кейін бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Кәмелетке толмағандар арасында жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағандар да бар.
Ақтөбе облысының полиция департаменті бітіру кештеріне байланысты құқық бұзушылықтар тіркелгенін хабарлады.
Полицияның мәліметінше, профилактикалық ескертулер мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандардың жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілері анықталған.
Атап айтқанда, қала мектептерінің бірінің 11-сынып оқушысы ағасының автокөлігін жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Осындай тағы бір жағдай колледж студентіне қатысты тіркелген. Екі жағдайда да әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер арнайы тұраққа қойылған, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Сонымен қатар полицейлер жалдамалы пәтерлер мен коттедждерде ұйымдастырылған түлектердің түнгі басқосуларын анықтады.
Жекеменшік мектептің төрт оқушысы алдын ала жалға алынған пәтерде кеш өткізген. Бұдан бөлек, 12 түлек коттедж жалдап, түнгі отырыс ұйымдастырғаны белгілі болды.
Түнгі сағат 02:00 шамасында «102» арнасына Ибатов көшесіндегі пәтерлердің бірінде тыныштық бұзылғаны туралы хабар түскен. Тексеру кезінде аталған мекенжайда кәмелетке толмағандардың жүргені анықталған, - делінген ақпаратта.
Полиция барлық фактілер бойынша жасөспірімдердің заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ата-аналар мен жасөспірімдерге профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Полиция департаменті бітіру кештері кезінде балалардың қауіпсіздігі ата-аналар мен педагогтердің ерекше бақылауында болуы қажет екенін ескертті.
Ведомство өкілдері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруі, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқаруы және рұқсат етілмеген кештерге қатысуы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кештерінде қымбат сыйлықтар беру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министр мектептен тыс жерде кеш өткізуге және ақша жинауға тыйым салынғанын еске салды.