7 Тамыз 2026, 15:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Ақтөбеде сталкингты махаббатпен шатастырған тұрғын жауапқа тартылуда

Ақтөбеде сталкер заң алдында жауап беруде.  

Ақтөбе облысында  аудан тұрғыны бұрынғы танысының мазасын қашырғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуда.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, бұрын өзі кездескен әйелмен айырылысқаннан кейін ер адам оның шешімімен келісе алмаған. 

Әйелдің онымен үш жыл бұрын қоштасып, өзге ауылға қоныс ауыстыруы да 42 жастағы ер адамның қысымына кедергі болмаған.

Ол әйелге әртүрлі телефон нөмірлерінен қайта-қайта қоңырау шалып, балағаттаған. Моральдық және психологиялық қысым көрсеткен. Бұдан бөлек, жәбірленуші тұратын елді мекенге барып, үйін аңдыған. Жұмыс орнына да келіп, әйелдің әріптестері арасындағы беделіне нұқсан келтіруге тырысқан. Полиция сталкинг фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке «махаббат» себеп болғанын айтып ақталды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.

Адамды аңдып, мазасын алуды «махаббат» деп ақтаған ауыл тұрғыны енді заң алдында жауап береді.

Ақтөбе облысының полиция департаменті еске салады

Сталкинг, яғни адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау – қылмыс болып табылады (ҚР ҚК 115-1-бап).

Айта кетейік, бұған дейін Астанада бұрынғы бірге тұрған әйелін аңдыған ер адамға сот үкімі шықты.

Тағы оқи отырыңыз: 

"Жоқ" десе де қоймай, SMS жазатындар 5 жылға сотталуы мүмкін

Қанша қоңыраудан кейін сталкинг басталады? – депутат 

Ұрып-соғу мен сталкинг: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы не білу керек?