Кеше 2026, 20:58 Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтөбеде облыс әкімдігі өртеніп жатыр

Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимаратының шатырында өрт шықты. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп, адамдар эвакуациялануда.

Ақтөбе қаласында облыс әкімдігі орналасқан алты қабатты әкімшілік ғимараттың шатырынан өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы ғимаратта тіркелген. Қазіргі уақытта құтқарушылар тілсіз жауды сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жедел жеткен. Өртті оқшаулау үшін бірден су беру желілері іске қосылып, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету ұйымдастырылған.

Сонымен қатар ғимараттан адамдарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында жедел штаб құрылған.

Қазіргі уақытта “112” қызметіне зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда қоқыс полигоны өртке оранған еді.