16 Қыркүйек 2026, 17:32 Фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде ер адам «көлікпен қағып кеттің» деп жүргізушілерден ақша бопсалаған

Ақтөбеде ер адам жол-көлік оқиғасын ойдан шығарып, жүргізушілерді бопсалағаны анықталды.

Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың ерекше тәсілін ойлап тапқан. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жол-көлік оқиғасының көрінісін ойнаған.

Ер адам айласын қалай жүзеге асырды?

Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде ер адам көлік өзін қағып кеткендей кейіп танытқан. Кейін жүргізушілерге жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алғанын айтып, ақша талап еткен.

Тексеру барысында оның осындай әрекетке екі рет барғаны анықталды. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған. Бір жағдайда- 250 мың теңге, екінші жағдайда - 200 мың теңге. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңгені құрады. Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайды қайта ой елегінен өткізіп, полицияға жүгінуді шешкен. Тексеру барысында ақпарат расталып, ер адамның жеке басы анықталып, күдікті ретінде танылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полиция ескертеді

Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Полиция жүргізушілерге ескертеді: егер жол-көлік оқиғасынан кейін жаяу жүргінші өзіне дене жарақатының алғанын айтып, ақша талап етсе, мәселені өз бетінше шешуге тырыспау қажет. Мұндай жағдайда полиция шақырып, болған оқиғаның барлық мән-жайын ресми түрде тіркеген жөн.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтар несиелерге қатысты жаңа схема ойлап тапқанын хабарладық.

Тағы оқи отырыңыз: 

Арзан үй алып беремін деп 30 миллион теңге жинаған қостанайлық әйел жауапқа тартылды

eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына 7 несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгесінен айырды

Жүргізуші куәлігін таныстары арқылы әперуге уәде берген астаналық сотталды