Ақтөбеде автобустан құлаған әйелге 2 млн теңге өтемақы төленеді
Ақтөбеде автобуста құлап, омыртқасын зақымдаған әйел сот арқылы 2 млн теңге өтемақы өндіріп алды. Автопарк жауапқа тартылды.
Ақтөбеде қоғамдық көлікте болған оқиға сотқа дейін жетіп, жолаушы пайдасына шешілді. Автопарк әйелге 2 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Оқиға №19 бағыттағы автобуста болған. Yutong маркалы автобус жүргізушісі Қайдауыл батыр көшесі бойымен, Заречный ауылы маңында келе жатып, жолаушылардың бірінің құлап кетуіне жол берген.
Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, жедел түрде Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған 12-ші кеуде омыртқасының зақымдануы диагнозын қойған.
Емделіп шыққаннан кейін жәбірленуші сотқа жүгініп, автопарктан материалдық және моральдық шығын өндіруді талап етті. Ол материалдық шығынды 1 млн теңгеге, ал моральдық зиянды 4 млн теңгеге бағалаған. Әйелдің айтуынша, алған жарақатынан кейін өз бетінше жүріп-тұруы қиындап, тұрақты табыс көзінен айырылған.
Істі қараған сот талапты ішінара қанағаттандырып, автопаркті жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұл жағдай қоғамдық көліктегі қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.
Айта кетейік, Түркістанда да әйел мен баласы автобустан құлап, ауыр жарақат алған еді. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әйел әділ тергеу жүргізуді және материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап етуде.